Бұл оқиға қазақстандықтардың арасында қызу пікірталас тудырды.
Желіде жас жұбайлардың өз тойында дәстүрлі “Жар-жар” айтпай, оның орнына Құранмен шығуы туралы видео кең тарады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бұл оқиға қазақстандықтардың арасында қызу пікірталас тудырып, екі түрлі көзқарасқа себеп болды. Көпшілік бұл қадамды қолдаса, енді бір бөлігі мұны қазақы салт-дәстүрге қайшы деп бағалады. Кейбір қолданушылар Құран оқылған тойды берекелі әрі салиқалы деп санаса, енді бірі қазаққа жат екенін айтып, сынға алды.
«Арақпен өтетін тойлардан мың есе берекелі болады», «Арабшылдық – қазақты азғырып, ұлтты жоюдың бір тәсілі. Ұлт сауатсызданған сайын дін күшейеді», «Тойға келгендер түсінбей отыр, жаназаға ма деп қалған шығар», – деп жазған.
Мәселенің түп-төркіні неде? Той – қазақ халқы үшін тек қуаныш емес, ұлттың рухани және мәдени болмысының көрінісі. Әдетте келін түсіру рәсімдерінде “Жар-жар”, “Беташар”, күй мен ән, ұлттық киімдер қатар жүреді. Ал кейбір жастар бұл дәстүрлерді діни көзқараспен алмастырып жатқаны – бүгінгі қоғамдағы діл мен дін арақатынасының айқын көрінісі. Қоғам не ойлайды? Желі қолданушыларының пікірлерінен ұлттың ділін сақтау мәселесі ушығып тұрғанын байқауға болады. Бірі Құранмен шығуды ислам қағидаларын ұстанудың белгісі десе, енді бірі ұлттық ерекшеліктен алыстап кеткенін, тіпті «адасқан ұрпақ» деп бағалап жатыр.