Министрліктің ресми мәліметінше, 2024 жылдың соңында тұрмыстық зорлық 28 пайызға төмендеген. 2025 жылдың алғашқы тоқсанында бұл көрсеткіш тағы 21 пайызға азайған.
Қазақстанда отбасы саясаты туралы айтқанда, көпшілік алдымен жәрдемақы мен әлеуметтік көмекті елестетеді. Алайда шын мәнінде, бұл – мемлекеттің рухани, экономикалық және демографиялық болашағына тікелей әсер ететін стратегиялық бағыт. Мықты отбасы – тұрақты қоғамның негізі. Ал қоғам берік болса, ел де дамиды. Қазақ халқы ежелден отбасыны шағын мемлекет деп санаған. Әсіресе, бала тәрбиесіне ерекше мән берген. «Тәрбие – тал бесіктен» деген қанатты сөз бекер айтылмаған. Бала алғашқы махаббат пен сенімді отбасынан сезінеді, ал бұл оның бүкіл өміріне әсер етеді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Ардагер ұстаз, жоғары санатты педагог Айша Ергешқызы Ерназарова бұл туралы:
«Жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру бұрынғыдан да маңызды. Қазір әлеуметтік желіде бөтен елдің дәстүрі мен тәрбиесі жүр. Біз оларға өзіміздің қазақы тәрбиені ұғынықты тілде жеткізбесек, ұлт ретінде әлсіреп қаламыз. Отбасы – тек үй емес, ол – рухтың тірегі», – деді.
Сондықтан отбасыға қатысты саясат жай ғана әлеуметтік көмекпен шектелмеуі тиіс. Бұл – ұлттың ертеңіне бағытталған ұзақмерзімді инвестиция.
Демография: өсу бар, бірақ сапа сұрақ туғызады
2023 жылы Қазақстан халқының саны 20 миллионнан асты. Бұл – демографиялық өсім бар екенін көрсетеді. Бірақ бұл көрсеткіштің артында сапалық жағдай – азаматтардың әлеуметтік ахуалы мен өмір сүру деңгейі – бірінші кезекте қаралуы тиіс.
2021 жылы әр әйелге орта есеппен 3,32 бала келген болса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 3,01-ге төмендеді. 2025 жылға қарай 2,95-ке дейін түсуі мүмкін деген болжам бар. Бұл үрдіс жалғаса берсе, табиғи өсім баяулайды.
Демограф Шынар Пазылбекқызы осы мәселе бойынша:
«2021 жылғы туу деңгейінің жоғары болуы – пандемия кезіндегі уақытша құбылыс еді. 2022 жылдан бастап көрсеткіш қайта төмендей бастады. Себебі жастарда тұрақты табыс пен тұрғын үй жоқ. Олар балалы болуға батылы жетпейді. Демек, демографияны сақтау үшін алдымен әлеуметтік жағдайды жақсарту керек», – деді сарапшы.
Оның айтуынша, халық санынан бұрын сапасына мән беру – кез келген елдің тұрақтылығының кепілі.
Көпбалалы отбасылар: қолдау бар, бірақ жеткіліксіз
Қазақстанда көпбалалы отбасылардың жағдайы әлі де күрделі. 2019 жылдан бастап мемлекет оларға бағытталған бірқатар бағдарламалар қабылдады. 2023 жылы жаңа Әлеуметтік кодекс күшіне еніп, 1,5 жасқа дейінгі бала күтіміне арналған жәрдемақы енгізілді. 2024 жылдың алғашқы жартысында бұл көмекті 90 мыңнан астам отбасы алды.
Сонымен қатар:
Бірінші–үшінші балаға – 131 100 ₸,
Төртінші және одан кейінгі балаларға – 217 700 ₸ жәрдемақы төленуде.
Бірақ бұл сандар отбасының барлық шығынын жаба алмайды. Әсіресе, баспана, балабақша мен жұмыс орнына қатысты қиындықтар әлі де шешілмеген.
Мұғалім Бодаш Еркінай Мырзашқызы бұл туралы:
«Көпбалалы отбасыларда бір баланы балабақшаға бере алмаса, анасы жұмыс істей алмайды. Бұл — тұтас әлеуметтік жүйенің үзілуі. Отбасыда жайлылық болу үшін ең алдымен ата-анаға жағдай жасауымыз керек», – деді ол.
Мемлекет көпбалалы отбасыларға тек ақшалай көмекпен шектелмей, өмір сүру сапасын арттыратын кешенді шаралар қабылдауы қажет.
Бала — бақыт. Бірақ ата-ана тыныш болмаса, бала да тыныш емес
«Қарны ашқан бала удай қатты жылайды» деген сөзде үлкен шындық бар. Бала бақытты болу үшін алдымен ата-ана тыныш, қамсыз өмір сүруі тиіс. Егер ата-анада күнкөріс мәселесі басым болса, бала тәрбиесіне көңіл бөлу қиындайды.
Аружан Жанбердиева, , кәсіпкер:
«Біз жолдасым екеуміз екі жақтан да үлкен отбасынан шыққанбыз. Ата-әже тәрбиесін көріп өстік. Балаларымызға да соны бергіміз келеді. Бірақ қазіргі таңда баланың бақытты болуы үшін ең алдымен ата-ананың жағдайы жасалуы керек», – дейді.
Бұл пікір – бүкіл жас отбасылардың үнін жеткізгендей. Сондықтан мемлекеттің көмегі балаға ғана емес, ата-анаға бағытталуы тиіс.
Отбасылық зорлық — әлі де шешімін таппаған трагедия
2023 жылы елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 12 мыңнан астам оқиға тіркелген. Бұл – ресми дерек қана. Ал шын мәнінде мұндай фактілер әлдеқайда көп. Көп жағдайда әйелдер полицияға шағымдануға қорқады немесе сенбейді.
2024 жылы қабылданған заң аясында тұрмыстық зорлық қылмыс деп танылды. Енді полиция барлық шағымды тіркеуге, тергеп-тексеруге міндетті. Бұл – үлкен қадам.
Министрліктің ресми мәліметінше, 2024 жылдың соңында тұрмыстық зорлық 28 пайызға төмендеген. 2025 жылдың алғашқы тоқсанында бұл көрсеткіш тағы 21 пайызға азайған.
Алайда ардагер ұстаз Айша Ергешқызы бұл көрсеткіштерге күмәнмен қарайды:
«Зорлық-зомбылық тек цифр емес, ол – өмір. Бір әйел жыласа – бір ұлт дірілдейді. Мұны заңмен шектеу аз. Біз әйел мен еркекке отбасындағы міндетті үйретуіміз керек. Ол үшін мектептен бастап тәрбие беру қажет», – деді ұстаз.
Ажырасу неге жиілеп кетті?
2023 жылы тіркелген некелердің 37 пайызы ажырасумен аяқталған. Бұл – әрбір үшінші отбасының ыдырап жатқанын білдіреді. Негізгі себептер қатарында — қаржылық қысым, баспана жетіспеушілігі, жауапкершіліктің төмендігі бар.
Психолог Айгүл Сәрсенқызы бұл туралы:
«Жастардың бір бөлігі үйленуді — мақсат, бірақ үй болуды — жауапкершілік деп түсінбейді. Қиындық туған сәтте, сабыр емес, ажырасу жеңіл жол болып көрінеді», – дейді.
Ажырасудың алдын алу үшін жас отбасыларға психологиялық, экономикалық қолдау қажет. Бұл тек жәрдемақы емес, кеңес беру, отбасы мәдениетін насихаттау, алғашқы 3 жылда қолдау көрсету дегенді білдіреді.
Әйел – отбасы тірегі. Бірақ оны кім қорғайды?
Қазақстанда әйелдердің жұмыссыздық деңгейі 7,5 пайыз. Бұл — ерлермен салыстырғанда жоғары көрсеткіш. Сонымен қатар, әйелдердің кәсіпкерлікке, басқаруға араласуы да төмен деңгейде.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы бұл туралы:
«Әйелдердің шешім қабылдайтын лауазымдардағы үлесін арттыру — мемлекеттің маңызды бағыты. Біз оларды қорғап қана қоймай, толық қолдау көрсетеміз», – деді.
Қазіргі таңда мемлекеттік қызметте әйелдер саны — 55,8 пайыз, ал басшылық қызметте — 39,1 пайыз. Бұл алға ілгерілеудің белгісі, бірақ әлі де нақты қолдаулар қажет.
“Ұмай” және “IT-Aiel”: әйелге арналған нақты шешімдер
“Ұмай” ипотека бағдарламасы арқылы 3 660 әйел баспаналы болды. Несие көлемі — 41,2 млрд теңге.
Бағдарлама қатысушысы, ана Мақпал Әлімбетова:
«Жаңа үйге кіру – мен үшін жаңа өмір бастау. Бұрын баламмен пәтерден пәтерге көшіп жүрдік. Енді өз үйім бар. Бұл — сенімділік. Мемлекеттен нақты көмек алдық», – деді.
Сонымен қатар, TechnoWomen және Astana Hub бастамасымен іске қосылған “IT-Aiel” жобасы арқылы 18 мыңнан астам әйел жаңа мамандық алып, табысын орта есеппен 45 пайызға арттырған.
Қала мен ауыл арасындағы алшақтық – отбасыға тікелей әсер етеді
Ауылда балабақша жетіспейді. Жол, мектеп, аурухана — бәрі тапшы. Ал бұл отбасының жайлы өмір сүруіне кедергі.
2020 жылдан бері 500-ден астам мектеп салынды. Олардың 70 пайызы заманауи құралдармен жабдықталған. 2026 жылға дейін тағы 400 мектеп салу жоспарланған. 2024 жылы 2 000-нан астам психолог мектептерге қабылданды.
Ұстаз Айша Ергешқызы бұл туралы:
«Ауылдағы ана баласын балабақшаға бере алмаса – жұмыс істей алмайды. Бұл отбасын тоқыратады. Инфрақұрылым — отбасыға салынған инвестиция», – деді.
Болашаққа бағдар: көші-қон саясаты не дейді?
2030 жылға дейін Қазақстанда көші-қон және демографиялық саясатты жаңарту жоспарланған. Бұл туралы Еңбек министрі Светлана Жақыпова:
«Еңбек күші жетіспейтін өңірлерге көшуге ынталандыратын жүйе енгізіледі. Ең алдымен – инфрақұрылым салынады. Сосын ғана халық көшеді», – деді.
Басқаша айтқанда, адамдарды итермелеу емес, тарту принципі басым болады.
Қазір отбасы туралы әдемі сөз көп. Бірақ саясат нақты қадамсыз өзгермейді. Жоғарыда айтылған спикерлердің пікірлері де, деректер де — бір нәрсені көрсетіп отыр:
Қазақстанға отбасы саясатын науқандық емес, жүйелі саясат ретінде қабылдайтын уақыт келді.
Тек ақша емес — инфрақұрылым керек.
Тек заң емес — тәрбие керек.
Тек сөз емес — нақты нәтиже керек.
Сонда ғана әрбір ана мен бала өз елінде қауіпсіз, сенімді өмір сүре алады.