«Есеп те, презентация да әкелмейтін.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық ісі бойынша сотта куәлар айыпталушы Ернар Жиембайдың қызметіндегі өрескел кемшіліктерін ашық айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Әкімдік қызметкері, орынбасардың көмекшісі Талап Рахымбердиевтің сөзінше, Жиембай жиі дайындықсыз келген:
«Есеп те, презентация да әкелмейтін. Алдын ала ескерткенімізге қарамастан, құжатсыз келетін. Үстінде костюм, галстук болмай, киімі салақ жүретін. Басшы адам ресми көрінуі керек», – деді ол.
Куәгердің айтуынша, Жиембай «Тұрғын үй Шымкент» компаниясының қаржы игеруіне қатысты слайдтар әзірлеу тапсырмасын да орындамаған.
Құрылыс басқармасының тағы бір қызметкері Берденов жиындарда «Антикор мен Экономикалық тергеу департаменті тексеруі келе жатыр» деп ескерткенін, алайда Жиембай ол жиындарға мүлде қатыспағанын жеткізді.
Бұған дейінгі отырыста айыпталушы қастандыққа баруына қызғаныш пен жұмыс барысындағы жанжал себеп болғанын мәлімдеген. Оның сөзінше, Берденов жұбайының суретіне «лайк» басып, жұмыста балағат сөздер айтқан.
Руслан Берденов бұл айыптаулардың бәрін жоққа шығарып отыр. Ол сотқа жеке қатыспауда, қазір ем қабылдап, алдағы отаға дайындалып жатыр.