Семейдің дәл орталығында, орталық полиция бөлімінен небәрі бірнеше метр жерде жантүршігерлік оқиға болды.
Күндізгі уақытта, жаяу жүргіншілер өткелінің қасында бірнеше жігіт жерге құлаған ер адамды аяусыз соққыға жыққан, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Куәгерлердің айтуынша, шабуылдаушылардың бірінің қолында пышақ болып, ол жәбірленушіге бірнеше рет соққан. Оқиға куәгерлерінің бәрі жағдайды телефондарына түсіріп үлгерген. Әлеуметтік желі қолданушылары видеоға ашу-ызасын білдіріп, «Полицияның көз алдында қандай бассыздық болып жатыр?» деп сынға алды. Бір ер адам араласуға тырысқанымен, қанды төбелесті тоқтата алмады.
Абай облысының полиция департаменті оқиғаға қатысты бастапқыда түсініктеме бермеді. Кейін ресми мәлімет таратылып, екі күдіктінің ұсталғаны хабарланды.
— Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жүргізілген жедел іс-шаралар нәтижесінде екі күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тағы бір адамның жеке басы анықталып жатыр. Алдын ала болжам бойынша, жанжал жеке араздықтан шыққан. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу барысындағы өзге деректер жария етілмейді, — деп хабарлады Абай облысы ПД.
Оқиға бүгін Семейдегі Дулатов көшесінде болған. Полиция үшін көзге көрінер жердегі бұл қанды қақтығыс қоғамда үлкен резонанс туғызды.