$ 540.87  632.01  6.76

Шардара мен Қызылордаға қауіп: стратегиялық су қоймасы құрғап барады

2025 жылдың басында қоймада 4,4 млрд текше метр су болды.

Фото: Үкімет
Фото: Үкімет

Түркістан және Қызылорда облыстары үшін басты су көзі саналатын Шардара су қоймасы қазір тарихтағы ең ауыр жағдайлардың бірін бастан өткеріп отыр. Бұл нысан 32 мыңға жуық тұрғынды ауыз сумен қамтамасыз етіп, мыңдаған гектар егістікке су жеткізеді. Алайда тамыз айының ортасында қоймадағы су қоры жоспардан 1,1 млрд текше метрге азайып, 232 млн текше метр ғана қалған. Бұл – экожүйеге, ауыл шаруашылығына және энергетикаға бірдей соққы, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қауіптің басталуы

2025 жылдың басында қоймада 4,4 млрд текше метр су болды. Сарапшылар дұрыс басқару арқылы бұл көлемді 5,2 млрд-қа жеткізуге болатынын айтқан. Бірақ сәуірде көрсеткіш 4,5 млрд-қа түсіп, бастапқыда-ақ 700 млн текше метр жетпей қалды. Бұл көлем тұтас өңірдің егістігі мен ірі қалаларын бірнеше ай бойы қамтамасыз етуге жететін еді.

Сәуірдің соңында су деңгейі қойма сыйымдылығының небәрі 15%-ын құрады. Себебі, су бөлу кезінде қабылданған шешімдер тым оптимистік болжамға сүйенген.

Су бөлу және заңсыз сорғылар

5 сәуірде өткен Халықаралық су шаруашылығы комиссиясының отырысында Қазақстанға Сырдариядан 909 млн текше метр ғана бөлінді. Узбекистан – 8,8 млрд, Тәжікстан – 1,9 млрд, Қырғызстан – 270 млн алды.

Бірақ жазда күтілген 3,1–3,6 млрд орнына, қоймаға су әлдеқайда аз түсті. Маусымда тәуліктік келім секундына 31 текше метрге дейін төмендеді – бұл Шардарадағы ГЭС-тің де, егістіктің де жұмысын тұралатып тастады.

Жағдайды ауырлатқан тағы бір фактор – Сырдария бойындағы заңсыз су алу. Бар-жоғы 15 шақырымдық аумақта жеті рұқсатсыз насос анықталды. Олар маусым ішінде он миллиондаған текше метр суды лимитсіз сорып алған.

Күріш суды көп қажет ететін дақыл

Ауыл шаруашылығы министрлігі маусым басында су көп қажет ететін дақылдарды, әсіресе күрішті азайтуға кеңес берген. Дегенмен Түркістан облысында жоспардағы 6,6 мың гектардың орнына 13,1 мың гектар күріш егілді. Оның 1032 шаруа қожалығы акиматтың келісімінсіз «КазВодХозбен» келісімшарт жасап, суды кепілдендірілгендей пайдаланды.

Күріш егістігінің артуы Қызылорда мен төменгі ағыс ауылдарының үлесін азайтты. Нәтижесінде, өзге дақылдар мен ауылдар су тапшылығын өткір сезіне бастады.

Балық пен жарыққа қауіп

Қоймада 10,8 мың тонна балық бар. Су деңгейі 200 млн текше метрден төмен түссе, шамамен 2 мың тонна балық қырылады. Бұл балық шаруашылығын кемінде бес жылға тоқтатады.

Энергетика да қысымға түсті: Шардара ГЭС-і қалыпты жағдайда 100 мегаваттан астам электр өндіреді. Бірақ қазір генерация бірнеше есе қысқаруы мүмкін. Бұл – ауылдық аймақтар мен Шымкенттің бір бөлігінде жарық тапшылығын тудыру қаупі бар деген сөз.

Дағдарыстың түпкі себебі

Мәселе тек табиғи факторларда емес. Су бөлу кезіндегі қате шешімдер, заңсыз су алу, суды көп қажет ететін дақылдарды шектемеу – осының бәрі дағдарысты тереңдетті.

Егер қатаң бақылау мен шұғыл шаралар қабылданбаса, күзде Шардара су қоймасы минималды деңгейге түсуі мүмкін. Бұл ауыл шаруашылығымен қатар, әлеуметтік және экономикалық дағдарысқа әкеледі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 2
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары