Мұғалімдер шелек қойып уақытша шара қолданғанымен, мәселе шешілер емес. Әлеуметтік желіде ата-аналар дабыл қағуда.
Семей қаласының Восход кентіндегі №34 Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп жаңа оқу жылына дайын болмай шықты. Мектептің дәліздерінен төбеден су сорғалап, еденді толығымен басып қалған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Мұғалімдер шелек қойып уақытша шара қолданғанымен, мәселе шешілер емес. Әлеуметтік желіде ата-аналар дабыл қағуда.
«Балаларымыз апатты мектепте оқып жүр. Ылғалдан ауырып қалады, құлап жарақат алуы мүмкін», – деп жазды бір ана.
Алайда жергілікті билік бұл жағдайға нақты шешім ұсына алмады. Әкімдіктің ресми түсіндірмесіне сүйенсек, мектептің шатырына толық жөндеу қажет. 2024 жылдың қыркүйегінде жобалық-сметалық құжат дайындалып, сараптамадан өткен. Бірақ 2025 жылға сұралған қаржы әлі бекітілмеген. Қазіргі таңда шатырдың үш кабинетте, дәлізде және спортзалдың үстінде тесілгені айтылды.
Су кірген сыныптардан оқушыларды екінші ауысымға басқа бөлмелерге көшірген. Бірақ ата-аналар бір сұраққа жауап таба алмады: неге қаражат бөлінбей, балалар тағы бір жыл осындай жағдайда оқу керек?
«Бүгінде тек уақытша герметизация жұмыстары жасалуда. Ал толық реновация бағдарламасына мектеп тек 2026 жылы енгізілген», – деді облыс әкімі аппаратының баспасөз қызметі.
Бұл жағдай Семейдегі мектептердің ахуалына қатысты үлкен сын туғызды. Жергілікті биліктің әрекеті мен балалардың қауіпсіздігі қазір қоғам назарында.