Алғашқы жағдайда — ескерту немесе 10 АЕК; Қайталанса — 30 АЕК.
Жаңа оқу жылы ата-аналар чатында үлкен талқылауға себеп болды. Әлеуметтік желілерде тараған хабарламада мектеп формасын сақтамағаны, сабаққа кешіккені немесе тіпті ата-аналардың балағат сөз қолданғаны үшін айыппұл салынатыны айтылған. Көпшілікті мазалаған сұрақ — мектептің айыппұл салуға құқы бар ма?
Министрліктің ресми жауабы
Білім министрлігі түсіндіргендей, мектеп әкімшілігі мен мұғалімдер айыппұл сала алмайды. Олардың міндеті — заң бұзушылықты тіркеп, тиісті органдарға жолдау. Ал ата-аналарды жауапқа тарту Кодекстің 127-бабына сәйкес жүзеге асырылады. Бұл бап баланы тәрбиелеу мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ата-ананың міндетін орындамауына қатысты.
Қандай жағдайларда айыппұл қарастырылған?
Заң тек форманы кимеу сияқты ұсақ тәртіп бұзушылыққа емес, мынадай жағдайларға қолданылады: Баланың себепсіз жиі сабаққа бармауы; Үлгерімі мен тәртібіне бақылау жасамау; Баланың алкоголь, есірткі қолдануына жол беру; Кәмелетке толмағанның қылмыс жасауы.
Жаза мөлшері
Алғашқы заңбұзушылық үшін — 10 АЕК көлемінде айыппұл; Қайталанса — 15 АЕК немесе 5 тәулікке дейін әкімшілік қамау; Ауыр салдарға әкелсе — 20 АЕК немесе 10 тәулікке дейін қамау. Протоколды тек уәкілетті органдар (полиция, білім басқармасы, бала құқықтарын қорғау органдары) жасайды. Шешімді кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия қабылдайды.
Жаңа өзгеріс — буллинг үшін жаза
2025 жылдан бастап мектептегі және интернеттегі буллинг (қорлау, қысым көрсету, қудалау) үшін де әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Егер оқушы 16 жасқа толмаса, айыппұлды ата-анасы төлейді. Алғашқы жағдайда — ескерту немесе 10 АЕК; Қайталанса — 30 АЕК. Яғни, айыппұлды мектеп емес, тек мемлекет тағайындайды. Жаңа талап ата-аналарды жауапкершілікке шақырумен қатар, балаларды буллингтен қорғауға бағытталған.