$ 549.15  643.88  6.71

Өңірлерде жылыту маусымы қалай басталды?

2024 жылға бекітілген жөндеу кестесі аясында 10 энергоблокта, 55 қазандықта және 45 турбинада күрделі жұмыстар жоспарланған.

Фото: Pixabay
Фото: Pixabay

Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола облыстары мен Астана қаласында жылу беру маусымы басталып та кетті. Бүгін, 1 қазаннан бастап жылыту маусымы Абай, Ақтөбе және Қарағанды ​​облыстарында жоспар бойынша басталды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесі Ресей Федерациясының және Орталық Азия елдерінің энергетикалық жүйелерімен қатарлас жұмысын жалғастыра отырып, қалыпты режимде жұмыс істейді.

Ресми деректерге сүйенсек, жаңа маусымға дайындық көрсеткіші жаман емес: білім беру нысандарының 92%-ы, денсаулық сақтау мекемелерінің 91%-ы және тұрғын үйлердің 83%-ы жылыту маусымына сақадай сай тұр. Еліміз бойынша 610 шақырым су құбыры мен 101 шақырым кәріз желісі жөнделіп, 11,2 мың дербес қазандық қысқа дайындалған. Алайда бұл сандар салқын күндердегі барлық мәселені жойып жібере ме, әлде кезекті қыс тағы да «күтпеген» қиындықтармен келер ме екен?

Биыл жазда энергетика саласын реттеуге бағытталған «Тариф орнына инвестиция» бағдарламасы шеңберінде электр станциялар мен жылу қазандықтарын жөндеуге 377 миллиард теңге бөлінді – бұл өткен жылға қарағанда 15%-ға көп қаражат. Бұған қоса, үкіметтің төтенше жағдайлар резервінен жылу көздері мен желілерін жөндеуге тағы 48 млрд теңге қарастырылған. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтың мәліметінше, тек биылдың өзінде жылу желілерінің 323 шақырымы жаңғыртылып, күрделі жөндеуден өтуде, оған республикалық және жергілікті бюджеттерден 129,4 млрд теңге бөлінген. Оның сөзінше, бұл жұмыстардың бүгінде 66%-ы орындалған, енді жылыту маусымы басталғанша қалған бөлігін аяқтау қажет. Министр тозығы жеткен желілерді жаңарту алдыңғы қыстағы апаттардың қайталану қаупін төмендетуге мүмкіндік береді деп отыр.

Picture background

Қыруар қаржы бөлінгенімен, оның игерілуі мен нәтижесі де маңызды. Премьер-министрдің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жылыту маусымына дайындық жан-жақты талқыланды. Бірқатар өңірлерде жөндеу жұмыстары кестеден қалып жатқаны анықталып отыр. Мәселен, Ақмола облысындағы Степногорск жылу орталығында резервтік қазандықтың жөндеуі әлі біткен жоқ, Қарағанды облысындағы Топар ГРЭС-інде жөндеу мерзімі кешігуі мүмкін, Маңғыстауда МАЭК-тің (Ақтау ЖЭО-2) екі турбинасын жаңғырту кейінге шегерілген. Ақтаудың өзінде жылу желілерін реконструкциялау баяу жүріп жатқаны айтылды. Үкімет басшысы Олажас Бектенов бұл жағдайды жергілікті әкімдердің нашар жоспарлауының және бақылаудың әлсіздігінің белгісі ретінде сынға алды. Шынында да, кей аймақта қысқа дайындық «кампаниялық» сипат алып, маусым жақындағанда ғана қарбалас тірлік басталатыны жасырын емес.

Жылыту маусымы тек орталықтандырылған жылу жүйелері бар қалаларға ғана қатысты емес. Қазақстанның көптеген өңірінде, әсіресе ауыл-аймақ пен жеке үйлерде халық қысқа отын – көмір, отын, кей жерде сұйытылған газ дайындайды. Үкімет бұл бағытта да тапсырмалар берді. Энергетика министрлігі мен «Қазақстан темір жолы» компаниясына өңірлерге көмір мен мазутты уақытылы жеткізу, халықты көмірмен қамтамасыз ету барысын қадағалау міндеттелді. Әр күзде қайталанатын жағдай – көмір тапшылығы немесе алыпсатарлардың бағаны шарықтатуы. Биыл бұған жол бермеу үшін шілде-тамыз айларынан бастап көмір тасымалы кестесін бекіту тапсырылды. Статистикаға сүйенсек, елімізде халықтың жыл сайынғы көмірге сұранысы шамамен 10 миллион тоннаға жуық. Маусымға дайындық аясында осы қажеттілікті өтеу үшін көмір разрездері мен жол логистикасы барынша жұмылдырылуда.

2024 жылға бекітілген жөндеу кестесі аясында 10 энергоблокта, 55 қазандықта және 45 турбинада күрделі жұмыстар жоспарланған.

Қазіргі таңда 4 энергоблокта, 22 қазандықта және 16 турбинада жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 5 энергоблоктың, 32 қазандықтың және 28 турбинаның жөндеу жұмыстары аяқталды.

Барлық электр станциялары жылыту маусымының басталуына дайын, негізгі жабдықтармен, соның ішінде қазандықтармен және турбиналармен қамтамасыз етілген. 2024 жылы АЭК-тің (электр желілерін тарату компанияларының) электр желілерінде 20,8 мың км электр беру желілерін, 422 қосалқы станцияны және 4054 тарату пункттері мен трансформаторлық қосалқы станцияларды жөндеу көзделген. Қазірдің өзінде 19,9 мың км электр желілері,
376 қосалқы станция және 4046 тарату пункті мен трансформаторлық қосалқы станциялар жөнделді.

Жылумен қамту саласында 2024 жылы 546 км жылу желілерін күрделі жөндеу және жаңғырту жоспарланған. Қазіргі уақытта 516,3 км жылу желілері жөнделді, бұл жылдық жоспардың 94,6% құрайды.

Энергия көздерінің қоймаларындағы отын қоры 5,2 млн тонна көмір мен 89 мың тонна мазутты құрайды, бұл жылыту маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

ҚР Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдардың, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, жергілікті атқарушы органдардың және «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ-ның қатысуымен тұрақты селекторлық кеңестер өткізіледі.

2024 жылғы 11 қыркүйекте кезекті кеңес өткізілді, оның қорытындысы бойынша жөндеу жұмыстарын уақытылы аяқтау, отынның нормативтік қорын сақтау және энергетикалық жабдықтарды пайдалануды бақылауды күшейту жөнінде тапсырмалар берілді.

Сонымен қатар алдағы жылыту маусымына дайындық барысы
2024 жылғы 20 тамыздағы Үкімет отырысында талқыланды. Барлық проблемалық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары