$ 547.57  642.63  6.68

Мектеп маңынан шприц пен есірткі іздері табылды: Павлодарда балаларға арналған «тұзақ» пайда болған

Олар қабырғалардан ондаған телеграм-адресті, жерден қолданылған шприцтер мен тропикамид қалдықтарын тапқан.

Фото: Дала қырандары
Фото: Дала қырандары

Павлодарда “Qyrandary” еріктілер қозғалысының белсенділері кезекті рейд кезінде №5 мектеп пен №82 балабақша маңынан шошырлық жайттарды анықтады. Олар қабырғалардан ондаған телеграм-адресті, жерден қолданылған шприцтер мен тропикамид қалдықтарын тапқан, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Белсенділердің айтуынша, мұндай жазбалар — жасөспірімдерді есірткіге тартудың жаңа тәсілі. Телеграмдағы анонимді арналар арқылы сатушылар балаларды қызықтыратын кодтар мен белгілер қалдырады.

“Бұл жазулар — балаларға арналған тұзақ. Біз үнсіз қала алмаймыз, өйткені мұның бәрі дәл оқушылардың жанында болып жатыр”, — дейді қозғалыс мүшелері.

Рейд барысында бар болғаны бір сағаттың ішінде бірнеше килограмм қауіпті қалдық жиналды. Белсенділер бұл аймақты толық тазартып, қазірден бастап тұрақты бақылауға алғандарын айтты.

Алайда қоғам белсенділері бұл жағдайға жергілікті биліктің салғырттығы себеп деп санайды. Өйткені мектептер мен балабақшалардың айналасында мұндай көрініс бірінші рет емес.

“Қабырғалардағы жазулар күн сайын жаңарып жатыр. Әкімдік пен полиция алдын алу жұмысын қағаз жүзінде ғана істейтін сияқты”, — дейді тұрғындар.

Мамандардың айтуынша, тропикамид — көз тамшысы түрінде сатылатын, бірақ есірткі ретінде қолданылатын қауіпті зат. Оны иіскеп немесе ішке қабылдаған адамда галлюцинация, агрессия мен тәуелділік пайда болады.

Белсенділер қоғамды бейжай қалмауға шақырып, ата-аналар мен мұғалімдерге балаларының мінез-құлқына назар аударуды ескертті.

Қазір бұл аумақ @Qyrandary.kz қозғалысының тұрақты бақылауында.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары