Көпшілік қор басшыларын халықтың сенімін пайдаланды деп айыптап отыр.
Соңғы тәулікте желіде «Asar Ume» қайырымдылық қорының атына сын қарша борады. Себеп — қордың көпбалалы анаға сыйлаған үйінің жағдайы. Журналист Диана Есжан түсірген бейнероликте қабырғасы қақыраған, есігі қисайған, едені шіріген үй көрініс тапқан, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. Желі қолданушылары мұны нағыз «қорлау» деп бағалап, «қайырымдылық атымен ақша жинап, соның есебінен мұндай үй беру — халықты мазақ ету» деп ашуланды. Пікірлер тасқыны: – «Қай бетімен ұялмай ақша жинайды, егер беретін үйі осындай болса?» – деп жазды қолданушылардың бірі. – «Сеніммен ел қаржы аударды, ал неге дұрыс үй алынбаған?» – деп тағы бірі сұрақ қойды. – «Бастысы бердік қой, деп жауапкершілікті жеңілдетуге болмайды. Егер қайырымдылық жасаймыз десең, соны соңына дейін адамша жаса», – деп жазды Gulnur Talip атты оқырман. Көпшілік қор басшыларын халықтың сенімін пайдаланды деп айыптап отыр. – «Сенім деп бүкіл ел салды, түскен қаражатқа дұрыс үй неге алмадыңдар?» – «Халықтың ақшасына бұлай бейқам қарауға болмайды», – деп жазды пікір қалдырушылар. Кей қолданушылар керісінше қорды қорғауға тырысты. Олардың айтуынша, үй арзан бағада алынған, бастысы баспана берілді. Бірақ көпшілік бұған қарсы шықты: – «Арзанға адам тұрмайтын 20 адамдық үйді алғанша, аздап қымбатырақ болса да жағдайы дұрысын неге бермеске?» Қоғам не талап етіп отыр: Қазір жұрт «Asar Ume» мен өзге қайырымдылық қорларының ашықтығын талап етуде. Журналист Диана Есжан өз парақшасында: «Қорлардың былығы қашан ашылады? Бұл – халықтың ақшасы. Оны кім, қалай жұмсап жатқаны тексерілуі керек!» – деп жазды. Желіде кей комментаторлар тіпті «енді мұндай қорларға ақша аударуды қойдық» деп мәлімдеген.