15.10.2025, 14:00

«Құрметсіздік емес, қатігездік»: Қазақстандық блогер құлағы нашар еститін таксисті мазақ қылған (ВИДЕО)

Фото: видео скриншот

Олар жүргізушінің еңбегін, өмірге деген күресін ескерместен оны “контент үшін құралға айналдырғанын” сынға алды.

Әлеуметтік желіде 65 мың жазылушысы бар блогер Нұрила Аманбаеваның әрекеті көпшіліктің ашуын тудырды. Ол есту қабілеті бұзылған такси жүргізушісінің көлігіне отырып, оны рұқсатсыз видеоға түсіріп, контент жасаған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Видео барысында блогер Нұрила Аманбаева жүргізушімен сөйлеспей, тіпті оны елемегендей түр танытып, оның іс-әрекеттерін өзі дауыстап “озвучила”. Оның бұл әрекетін көріп отырған кішкентай баласы да кадрда болған.

Қазақстандықтар блогердің мұндай әрекетті қатыгездік пен құрметсіздік деп бағалады. Олар жүргізушінің еңбегін, өмірге деген күресін ескерместен оны “контент үшін құралға айналдырғанын” сынға алды.

Ал тағы бір kazaxar есімді қолданушы бұл оқиғадан блогер сабақ алып, жауапқа тартылуы керек екенін айтады.

"Елестетіп көріңізші. Сіз күн сайын есту қабілетіңіз шектеулі болса да, отбасыңызды асырау үшін жұмысқа шығасыз. Сонда көлігіңізге бір блогер отырады. Сізбен сөйлеспейді, құрмет те көрсетпейді. Тек камерасын қосып, сізді рұқсатсыз видеоға түсіріп, қимылыңызды өзі қалағандай "сөйлетіп" қояды. Мұның бәрі баласының көзінше болып жатыр. Бұл жай ғана құрметсіздік емес, бұл қатыгездік. Үнсіз, күнделікті, бірақ жүрекке жара салатын қатыгездік. Мұндай әрекетке жол беруге болмайды. Мұны бәрі көруі керек", – деп жазды kazaxar.

Кейін блогер өз парақшасында “кешірім сұрағандай” видео жариялаған, алайда желі қолданушылары оның сөздері шынайы емес екенін айтып, сынның күшейе түскенін жазды. 

"Ол кешірім сұрағандай тағы бір видео жариялады, бірақ негізінен Threads платформасын жамандап, "онда күн сайын біреуді сынайды, бәрі жаман адамдар" деп ақталған. Бірақ желі қолданушылары: "Ой, ұятқа қалдың ба — мойында оны абыроймен. Threads – ең жақсы әлеуметтік желі!" – деп жазды оқырман.

Блогер Нұрила видеосы таралып кеткен соң кешірім сұрап, әзіл ретінде түсіргенін, ешкімді ренжіту мақсатында жасалмағанын айтты. Видеоны америкалық трендке еліктеп жасағанын жеткізді.

“Бірақ оны жариялаған сәтте-ақ оның мазмұны қорлайтын сипатта екенін түсініп, қатты ұялдым. Ешқашан біреуді мазақтап, қорлайтын контент жариялаған емеспін. Мұны ойланбай жасағаным үшін өкінемін. Айтпақшы, видеоны салғаннан кейін оны біреулер бірден көшіріп алып үлгерді. Ол видеода жүргізушіні қорлауды немесе оның сезімін жаралауды мақсат етпедім", – деп кешірім сұрады блогер.