Бүгін таңертеңнен бері не жылу жоқ, не ыстық су жоқ.
Талдықорғандағы «Құлагер» ықшамауданындағы 10-шы үйдің тұрғындары екі күннен бері жылу мен ыстық сусыз отыр. Себебі, жертөледегі кәріз жүйесі істен шығып, үйдің астын лас су басқан, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Тұрғындардың айтуынша, апатты қызмет өкілдері келгенімен, «жертөледе нәжіс иісі мен лас су бар» деп ішке кіруден бас тартқан. Соның салдарынан үйге жылу мен ыстық су берілуі тоқтаған.
«Бүгін таңертеңнен бері не жылу жоқ, не ыстық су жоқ. Авариялық қызмет келді, бірақ жертөлеміз лас болған соң ешкім кіргісі келмейді. Енді біз суық пәтерде, сусыз қалдық», – дейді тұрғындардың бірі.
Қазір үй тұрғындары жергілікті әкімдік пен коммуналдық қызметтен нақты әрекет күтуде. Ал әзірге 9-ықшамаудандағы бұл мәселе шешілмей тұр.