Сонымен қатар, тіл мәселесі туралы да сөз қозғап, Өзбекстан өзінің саясатын өз тілінде жүргізіп жатқанын айта кетті.
Шығыстанушы Жанат Момынқұлов Qasqa Jol Youtube арнасында болып, Халықаралық саясатта, әлемде болып жатқан өзгерістер туралы сөз қозғап, олардың Қазақстанға әсері жайында айта кетті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қазақстан ОДКБ-ға тікелей тәуелді болып бара жатыр деген ол елімізге басқа да көрші елдермен өзара одақтас болу артықтық етпейтінін алға тартты. Сонымен қатар, тіл мәселесі туралы да сөз қозғап, Өзбекстан өзінің саясатын өз тілінде жүргізіп жатқанын айта кетті.
"Өзбекстанның саясаты бізден басқаша болып келе жатыр. Олар - біртілді. Өзбекстан Халықаралық саясатты бүге-шүгесіне дейін талдап, жіктеп жатыр. Өзбекстанда геосаяси, сыртқы саясатты ойлау мектебі қалыптасуда. Болашақта осылай кете берсе, алдағы 10-20 жылда біз өзбектердің сараптамасын оқитын боламыз. Егер біз өз тілімізде дамытпайтын болсақ. Орыс тілінде онсызда ол бар, дами береді. Бірақ орыс тілі Ресейдің ықпал алаңы. Ақпарат, мәдениет сол жақтан келеді", - деді ол.
Бұдан бөлек сарапшы Олжас Байділдиновтің мәлімдемесі қауіпті құбылыс екенін ескертіп, біздің елде заң орысша жазылатынын ашық мәлімдеді.
"Кешегі Олжас Байділдиновтің қазақ тілінің өскенін, орыс тілінің қалып бара жатқанын айтқаны үлкен сигнал. Біз кімбіз? Қайда бара жатырмыз деген сұрақтарды туғызады. Осы жерде қазақ тілді орта жасанды түрде шектеліп, өсірілмей жатыр ма деген ой келеді. Жаңа нәрселерді жасауға өреміз жетпей ме деген мәселе шығады. Егер қазақ тілді орта құрылып саясатты талқылай бастаса, оған контроль жасау керек болады. Ал орыс тілді талқылаушыларға үйреніп қалған, өздеріне ыңғайлы. Қарасаңыз біздегі интелектуалды орта орысша сөйлейді. Бізде ой, заң орысша жасалады. Бұл отар емей, немене? Отардың сарқыншағы", - деп түйіндеді шығыстанушы.