05.11.2025, 16:00

«Емханалар лық толған»: Қазақстандықтар «жұмбақ вирус» таралды деп дабыл қағуда

Фото: asiyanrb парақшасынан

Әлеуметтік желілерде адамдар қызудың 39°С-тан түспей, емханалар мен стационарлардың лық толғанын жазуда.

Соңғы күндері Астана, Алматы және Шымкент тұрғындары әлеуметтік желілерде “жұмбақ вирус” туралы дабыл қағып, ұзақ уақытқа созылған сырқат пен жоғары температураға шағымданып жатыр. Мамандар бұл жағдайды маусымдық тұмау мен жедел респираторлық-вирустық инфекциялардың (ЖРВИ) көбеюімен байланыстырып отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Әлеуметтік желілерде адамдар қызудың 39°С-тан түспей, емханалар мен стационарлардың лық толғанын жазуда.

“Белгілері кәдімгі тұмауға ұқсайды, бірақ қызу мүлде түспейді. Тіпті дәрімен де түсіру қиын. Кеше жедел жәрдемді жарты сағат күттім. Емханада ұзын кезек, ал стационарда бос орын жоқ”, – дейді астаналық тұрғын.

Алматыдағы imcalmaty.kz дәрігері Ирина Шинкаренконың айтуынша, қалада тұмауға шалдыққандар саны күрт артқан.

“Бізге тұмау диагнозымен келіп жатқан науқастардың қатары көбейді. Негізгі белгілері: дененің сырқырауы, бас ауруы, дене қызуының 40°С-қа дейін көтерілуі және оны түсірудің қиындығы, жөтел”, – дейді дәрігер.

Ирина Шинкаренко тұмауды дұрыс күтіммен және уақытылы демалыспен жеңілдетуге болатынын айтады.

“Тұмауды антибиотикпен емдеу – бұрағышпен шегені қағумен бірдей. Антибиотик вирусты жоя алмайды. Егер оны ішкеннен кейін 1-2 күн ішінде жақсару болмаса, диагноз дұрыс қойылмаған немесе препарат тиімсіз деген сөз. Тұмау кезінде қызу 5-7 күнге дейін сақталуы мүмкін. Демалыс алып, көп сұйықтық ішу, ыстықты түсіретін дәрілер мен қажет болса осельтамивир қолдану – ең тиімді ем. Ал антибиотик бұл жағдайда мүлде көмектеспейді”, – деп түсіндірді ол.

Мамандардың айтуынша, қазір елдің оңтүстігі мен солтүстігінде тұмау вирусының белсенділігі жоғары. Ал тұрғындар медициналық мекемелердегі ұзын кезек пен жедел жәрдемнің кешігуіне наразылық білдіруде.

Әлеуметтік желі қолданушылары, әсіресе, балалар арасында аурудың ауыр өтіп жатқанын айтып алаңдаулы. aiman_syrlybai есімді ана бұл жолғы сырқат бұрынғы ЖРВИ-ге ұқсамайтынын жазады.

“Бұрын 2-3 күнде жазылатын едік. Қазір балалардың қызуы 39-40°С-тан түспей, әлсіреп қалады. Бас ауырады, жүрегі айниды, іші ауырып, кейде құсады. Ұлым екі жарым жаста, төрт күннен бері температура түспей тұр. Дәрілер уақытша ғана әсер етеді. Қазір жұқпалы аурулар ауруханасында жатырмыз”, – дейді ол.

Тағы бір қолданушы бұл вирусты “гонконгтық тұмау” деп атап, өз отбасындағы жағдаймен бөліскен.

“Бес жасар ұлым сегіз күн ауырды, тоғыз жастағы балам – төрт күн, ал он екі жастағы қызым екі-ақ күнде жазылды. Әйелім бір күнде айықты. Ал мен сарымсақ жеп, ауырмадым. Температура орта есеппен 39°С шамасында болды”, – деп жазған ол.

Мамандар тұмау кезінде өзін-өзі емдеуден сақ болуға, антибиотиктерді дәрігер кеңесінсіз қолданбауға және алдын алу шараларын күшейтуге кеңес береді.