Бұл бағыттар – эстрадалық вокал, ұлттық би, заманауи би, ұлттық музыкалық аспаптар, театрлық композиция, футбол, волейбол, шахмат, үстел теннисі және мобилография.
Астанада ең белсенді, талантты және мақсатшыл жастарын біріктірген «Жастар Жалыны – 2025» шығармашылық-спорттық фестивалі өтті. Биылғы шара Назарбаев Университетінің базасында ұйымдастырылып, үш күн бойы қала жастарын бір алаңға жинады. Фестивальдің басты мақсаты – өнерді, спортты және шығармашылықты біріктіріп, жастарға өз қабілетін танытуға мүмкіндік беру.
Фестиваль бүгін салтанатты түрде ашылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл қатысушылар саны айтарлықтай артқан, ал бағдарламаның өзі жан-жақты кеңейтілген. Екі күн бойы студенттер он түрлі бағыт бойынша бақ сынап, өзара тартысты әрі қызықты жарыстар өткізді. Бұл бағыттар – эстрадалық вокал, ұлттық би, заманауи би, ұлттық музыкалық аспаптар, театрлық композиция, футбол, волейбол, шахмат, үстел теннисі және мобилография.
Жарыстардың әрқайсысы ерекше атмосферамен өтті. Әсіресе, би, вокал және театр бағыты бойынша қойылған номерлер қатысушылардың креативі мен сахналық дайындығын көрсетті. Ал футбол, волейбол және үстел теннисі бойынша өткен ойындар жастардың спорттық шеберлігін паш етті. Ұйымдастырушылар жарыстардың барлығы әділ бағаланып, қатысушылардың дайындық деңгейіне сай тартысты өткенін атап өтті.
Фестивальге қатысқан студенттердің өзі де іс-шараның маңызын ерекше бағалап отыр. Назарбаев Университетінің студенті Айдос Жанұзақ фестивальді тосын серпіліс берген оқиға деп атады: «Бұл фестиваль бізді бір алаңға жинап, жаңа адамдармен таныстыруға мүмкіндік берді. Әр бағыттың өз мәдениеті мен рухы бар. Жарыстар өте тату атмосферада өтті, бірақ әркім өз мүмкіндігін барынша көрсетуге тырысты», — дейді ол.
Өнер бағытында бағын сынаған студент Әсем Бекжан да фестивальдің шығармашылық күшін ерекше атап өтті: «Сахнаға шығу — әрдайым үлкен жауапкершілік. Осындай фестивальдер бізге тәжірибе береді, өзімізге деген сенімді күшейтеді. Қатысушылардың бәрі өте дарынды, сол себепті ортада бәсеке де, шабыт та қатар жүрді», — деді ол.
Фестиваль 17 қарашада ресми түрде жабылды. Жеңімпаздарға арнайы марапаттар, дипломдар және естелік сыйлықтар табысталды. Ұйымдастырушылар жеңімпаздарды анықтау кезінде тек нәтиже ғана емес, қатысушылардың дайындығы, сахналық мәдениеті мен командадық рухына да назар аударғанын айтты. «Жастар Жалыны» бүгінде Астанадағы жастар арасындағы ең ауқымды шығармашылық-спорттық фестивальдердің біріне айналды. Ол жыл сайын жас таланттардың дамуына жол ашып, жастарды тек додаластырумен шектелмей, достық, ынтымақ және өзара қолдау құндылықтарын нығайтады. Биылғы фестиваль де осы дәстүрдің жалғасы ретінде есте қалды.