Ең басты логикалық қайшылық – жауапсыз.
Қарағандыда №3 емхананы жекеге беру дауы күшейді: Бұл заңсыз ба? Қарағандылықтар, әсіресе №3 емхананың пациенттері, бүгін мекеме ұжымы мен облыс әкімі аппараты арасындағы кездесуге қатысты. Жиында тұрғындар, журналистер және қоғамдық өкілдер болды.
Қысқаша айтқанда, №3 емхананы «Қарағанды медициналық университетінің» сенімгерлік басқаруына беру мәселесі әлі ашық күйінде тұр. Облыс басшылығы ешқандай қысқарту болмайтынын, пациент саны азаймайтынын айтып сендірмек болды. Бірақ, шындыққа келсек, сұрақ тіптен көбейді.
Біріншіден, бұл бастаманың бастауында Астана – Денсаулық сақтау министрлігі тұрғаны анықталды. Қарағанды «пилоттық өңір», ал №3 емхана «сынақ нысаны» ретінде таңдалғаны жөніндегі ресми хат жиналыста көрсетілді.
Екіншіден, бұл жоспардың әкімдік пен облыстық денсаулық сақтау басқармасымен алдын ала келісілгені белгілі болды. Яғни, бәрі білген, бірақ жағдай ушығып, адамдар ашық талап қоя бастағанға дейін үнсіз қалған.
Қарағанды тұрғындары мен емхана қызметкерлері нақты талап қойды: тұрақты жұмыс істеп тұрған, он мыңдаған адамға қызмет көрсететін қолдағы емхананы неге өзгерту керек? Егер шынымен реформа қажет болса, алдымен мәселесі көп мекемелерден бастауға болмай ма?
Ең басты логикалық қайшылық – жауапсыз. Медуниверситет «барлық қызметкерлердің жұмыс орнын сақтаймыз» дейді. Бірақ өз қызметкерлеріне де кеңсе, бөлме, жұмыс орны қажет екені белгілі. Ал №3 емханада орын толық. Сонда оларды қайда орналастырмақ? Бұл сұраққа да нақты жауап берілмеді.