Ауыл тұрғындары марқұмдарды ақтық сапарға шығарып салуға көптеп жиналды.
Түркістан облысы, Алғабас ауылында орын алған қайғылы өрттің құрбандарын соңғы сапарға шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Ауыл тұрғындары марқұмдарды ақтық сапарға шығарып салуға көптеп жиналды. Жаназа кезінде бірнеше жүк көлігінің (газель) кезек-кезек шығып бара жатқаны да видеоға түсіп қалған.
Алғашқы болжам бойынша, 12 адамның өмірін жалмап кеткен өртке электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болуы мүмкін.
Қайғылы оқиға орын алған отбасының көршісі Қайырберген Болжымбетовтың айтуынша, жарылыс дыбысы болмаған.
“Маған электр сымдары тұйықталып, тоқтан шыққан болуы мүмкін деді. 12 адамның қаза тапқанын, тағы үшеуінің ауруханада жатқанын естідім”, – дейді ол.
Оның айтуынша, үй толықтай өртеніп, барлық мүлік күлге айналған. Отбасы бұл үйге үш жыл бұрын көшіп келген. Әкелері қайтыс болып, үлкен ұл – 1994 жылы туған Даурен өз жанұясымен осы жерде тұрған. Төрт баласы бар болған. Оқиға болған түні олардың бір бөлігі тойдан кейін үйлеріне қайтқан, ал екінші бауырдың отбасы осы үйде түнеген.
Екі қабатты үйдің барлық терезелерінің темір тормен жабылуы – тергеуде ерекше назар аударылатын жайт. Бұл фактор өрт кезінде адамдардың сыртқа шығуына кедергі келтірген- келтірмегенін мамандар анықтайтын болады.
Көршілердің сөзінше, таңғы сағат бестер шамасында көмек сұраған айқай естілген.
“Үйге барғанымызда лап еткен отты көрдік. Әйел адам айқайлап, көмек сұраған сияқты, бірақ түтіннен уланып қалған болуы мүмкін...” – дейді куәгерлер.
Үкіметтік комиссияны бастап барған вице-премьер Қанат Бозымбаев өрттің нақты себебін анықтау бойынша тиісті органдарға тапсырмалар берді.
Қазір ауруханаға түскен үш адамның жағдайы ауыр. Үйден өз күшімен шыққан 1986 жылы туған ер адамның денесінің 12% күйген, ӨЖЖ аппаратына қосылған. 1991 және 2018 жылы туған екі зардап шегуші де дене күйігіне байланысты жансақтау бөлімінде. Оларға көмек көрсету үшін Шымкенттен санитарлық авиация жіберілді.
Вице-премьер әкімдік пен Еңбек министрлігіне қайтыс болғандардың отбасыларына толық көлемде материалдық көмек көрсетуді тапсырды. Денсаулық сақтау министрлігіне зардап шеккендердің жағдайын бақылауда ұстап, қажет болса, санитарлық авиациямен Астанаға жеткізуді ұйымдастыру міндеттелді. Ішкі істер министрлігіне тергеуді ерекше бақылауға алу жүктелді.
Сонымен қатар Төтенше жағдайлар министрлігіне өңір әкімдіктерімен бірігіп, тұрғын үйлер мен, әсіресе, әлеуметтік осал отбасылар тұратын баспаналарда, жатақханалар мен хостелдерде өрт қауіпсіздігіне арналған рейдтер жүргізу тапсырылды. Пештер мен электр жүйелерінде ақау анықталса, дереу жою міндеттелді.