Экипаж мүшелері сапардың аяқталғанын хабарлап, жолаушылардан бортты босатуды талап еткен. Дәл осы сәтте жолаушылар екіге жарылды.
Ыстамбұлдан Ақтөбеге бағыт алған Pegasus әуекомпаниясының ұшағы күтпеген жерден Ақтауға қонды. Алайда оқиға мұнымен біткен жоқ. Борттағы шетелдік жолаушылар ұшақ салонын босатудан үзілді-кесілді бас тартып, шу шығарды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Tengri Travel және Baza Telegram-арнасының мәліметінше, жағдай тым шиеленісіп кеткен. Рейс бастапқыда Ыстамбұлдан 8 сағат кешігіп шыққан. Жоспар бойынша 3 сағатқа созылуы тиіс сапар, іс жүзінде 6 сағатқа созылып, нәтижесінде ұшақ діттеген жерінен 1,5 мың шақырым қашықтағы басқа қалаға қонған.
Экипаж мүшелері сапардың аяқталғанын хабарлап, жолаушылардан бортты босатуды талап еткен. Дәл осы сәтте жолаушылар екіге жарылды.
Ұшақтағы Қазақстан азаматтары жағдайға түсіністікпен қарап, өз күштерімен амалдау үшін сыртқа шыққан. Ал ресейлік туристер үшін бұл нағыз тығырық болды.
Шамамен 40 шақты Ресей азаматы (арасында 5 бала бар) ұшақтан түсуден қорқып қалған. Олардың басты уәжі – миграциялық заңнаманы бұзу қаупі және бөтен қалада қайда барарын білмеу. Олар өздерін қауіпсіз сезінбейтінін ашық айтқан.
Көліктегі полиция департаменті оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Олардың айтуынша, ұшақтың бағытын өзгертуіне Ақтөбедегі қолайсыз ауа райы себеп болған.
«Ақтөбе қаласындағы тұманға байланысты ұшақ Ақтау әуежайына қонды. Қазіргі уақытта жағдай тұрақты», – деп хабарлады ведомство өкілдері.
Әзірге Pegasus әуекомпаниясы, Азаматтық авиация комитеті және Көлік министрлігі ресми мәлімдеме жасамады. Жауапты органдар оқиғаның мән-жайын анықтап, ақпарат дайындап жатқанын жеткізді.