Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова хабарлады.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова елордада тұрғын үй қасбетінде кірпіш қаптамасының құлауы салдарынан көз жұмған фельдшер Ұлдана Мырзуан ісін тергеуге қатысты пікір айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
— Бұл оқиғада құрылыс нормалары мен ережелеріне қатысты көп сұрақ бар, яғни құрылыс кезінде тиісті талаптар ескерілмеген деген күмән айтылып жатыр, — деді Ақмарал Әлназарова Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Осы орайда ол осы мәселе бойынша тергеу амалдары жалғасып жатқанын еске салды.
— Ол оқыған медициналық колледждегі дәрісханаға оның есімін беруді жоспарлап отырмыз, — деді ведомство басшысы.
Естеріңізге сала кетсек, 8 қарашада елордада тұрғын үй кешенінің қасбетіндегі кірпіш қаптамасы мен кондиционер қондырғысының бөлігі құлап, салдарынан 5 адам зардап шекті. Зардап шеккендердің бәрі № 1 көпсалалы ауруханаға жеткізілді.
18 қараша күні жарақат алған фельдшер Ұлдана Мырзуан көз жұмды.