Ерекше безендірілген дүкеннің суреттерін Threads-желісінің қолданушысы жариялады.
Астанада азық-түлік дүкенінің иесі көк шар мен Туымызды іліп, дүкен ішін мерекеге орай безендіріп қойған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Ерекше безендірілген дүкеннің суреттерін Threads-желісінің қолданушысы жариялады.
“Жаңа жыл, әрине, жақсы мереке. Бірақ бұдан да маңызды мереке келе жатқанын ұмытпауымыз керек! Біздің тұрғынүй кешеніндегі дүкен иесіне ерекше риза болдым, өйткені ол барлығына осындай маңызды мерекенің көлеңкеде қалып қоймауға тиіс екенін еске салды”, – деп жазды ол.
“Әзірет” дүкенінің иесі – Темірхан Сафаров. Оның айтуынша, дүкенге көк ту мен шар ілу – өзінің жеке идеясы. Безендіруге 7 күн кеткен, ал дүкен ішінде жалпы 4000 шар бар.
“Бұл – Тәуелсіздік күніне арналған өз идеям. Кәсіпке көшкеніме бір жыл болды. Бірінші жылы осыны істедім. Келер уақытта үлкен кәсіпкер болып жатсақ, бұдан да мықты ой бар”, – дейді ол.
Дүкен иесінің бұл ойын көпшілік қолдап, жылы пікірлер қалдырып жатыр.
“Уау, қандай әдемі! Бұл дүкен қайда орналасқан, бару керек екен”, “Дүкен иесі, жарайсыз”, “Мен де ойлайтынмын, барлық елде Тәуелсіздік күнін сән-салтанатпен, жарқын түрде атап өтеді. Көшелер миллиондаған тулармен, шарлармен безендіріледі, мысалы, АҚШ-та әрбір үйдің өз туы ілулі тұрады. Ал бізде болса, бәрі біртүрлі жасырын, тым тыныш өтетін сияқты”, “Осыны дәстүрге айналдырсақ қой”, “Сөз жоқ, тек эмоция, керемет”, “Өте әдемі көрінеді екен, мен де үйімді безендіріп қоямын-ау”, – деп жазған олар.
Сондай-ақ желі қолданушылары қазақстандықтарды дүкеннің саудасын жүргізуге шақырып жатыр.
“Құрметті Астана қаласының тұрғындары! Мына дүкеннің безендірілуіне қараңыздаршы, қандай патриотизм 16 желтоқсан Тәуелсіздік мерекесіне орай осылай креативті безендіріпті. Осы дүкеннен сауда жасап қолдап кетейік. Мекенжайы: Ш.Қалдаяқов көшесі, 44, “Әзірет” дүкені”, – деп жазған.
Бұған қоса бір күнде танымалдылыққа ие болған дүкенге продюсер, актер Нұрлан Қоянбаевтың өзі де барған.
“Еліміздегі ерекше дүкен. Бір-бірімізді қолдап жүрейік. “Әзірет” дүкені жарайсыздар”, – деп жазған ол.

Тағы бір Дариға есімді қолданушы Тәуелсіздік күніне орай безендірілген дүкен туралы жаңалықты оқығанда көзіне жас келгенін жазған.
“2 ай бұрын жаңа жылға дайындалып, жан-жақты жылтыр-гүлтірмен безендіріп тастаған ойын-сауық орталықтары, дүкендермен, мейрамханалар арасынан, ең әуелі өз мерекеміз – Тәуелсіздік күнін ұмытпай, осылай әдемілеп безендірілген дүкенді көргенде, көзіме кішкене жас келді”, – деп жазған ол.
Келесі Бақыт Нышанбек есімді қолданушының сөзінше, елдің бас мерекесі қарсаңында дүкенін әсемдеген кәсіпкердің жарады.
“Аязды күн, жаңа жылдың иісі келді. Бірақ одан бұрын еліміздің бас мерекесі қарсаңында осылайша дүкенін әсемдеген мына кәсіпкер жарды. Негізі біз үкімет сондай, депутаттар мұндай, әкімдік қайда қарап отыр дегенге жанымыз жақын. Бірақ, Отан біз бен сізден, отбасынан басталса, үндемей өзі үшін осылай жасауға болады екен”, – деп жазған ол.
Мерекеге орай безендіру жасаған тағы бір дүкен – Ақтөбе қаласындағы тұрмыстық заттар сататын “Мерей” маркеті.