"2026 жылғы 28 қаңтарда 75 жасқа толар едім".
Алматыда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі актер, сценарист, кинодраматург әрі жазушы Нұрлан Санжарұлы Сегізбаевты ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Марқұмның соңғы хаты Қазақстан Жазушылар одағында оқылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бірнеше кітаптың авторы атанған Нұрлан Сегізбаев өмірінің соңғы айында ғана Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданған. Ол даңқ қуып, көзге түсуге ұмтылмаған, өз әлемінде үнсіз еңбек еткен қаламгер болатын.
Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов марқұммен алғаш кездескен сәтін еске алды.
«Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығында Қапшағайда алғаш жүздестік. Сол кезде-ақ экрандағы тентек Қожадан мүлде бөлек, өте қарапайым, ұяң, жүрегі таза азаматты көрдім. Ол – артық сөзі жоқ, нағыз қазақтың баласы еді», — деді ол.
Мереке Құлкенов Нұрлан Сегізбаевтың шығармашылығы көпшілікке толық таныс болмағанын атап өтті. Айтуынша, Жазушылар одағына мүшелікке қабылдау жөніндегі өтінішті марқұмның жары Мадина бір ай бұрын жеткізген.
«Нұрлан Сегізбаевтың бірнеше кітаптың авторы, мықты сценарист болғанын жұрт біле бермейді. Ол дабыра жасамады, атақ қумады. Қазақ халқы оны көбіне “Менің атым Қожа” фильміндегі Қожа ретінде таниды. Бірақ бұл – оның бір ғана қыры. Ол қазақ руханиятына үнсіз қызмет еткен тұлға», — деді одақ басшысы.
Жазушы соңғы хатында өмір жолына тоқталып, былай деп жазған:
«2026 жылғы 28 қаңтарда 75 жасқа толар едім. Соның 65 жылын қазақ киносы, әдебиеті мен философия ғылымына арнадым».
Өмірінің соңғы жылында Нұрлан Сегізбаев ауыр өкпе дертімен күрескен. Соған қарамастан, халықтан қаржылай көмек сұраудан үзілді-кесілді бас тартқан. Шәкірттері жылу жинауға тырысқанымен, ол шығармашылықтан қол үзбеді. Ауру меңдеген шақта да сценарий жазып, кітаптарын жарыққа шығару үшін Кітап палатасына хат жолдап отырған.
Соңғы маңызды еңбектерінің бірі — «Философский пароход» атты тарихи романы. Бұл туындысын аяқтауға жақын қалғанын ол өзі үлкен бақыт санаған.
Сонымен қатар жазушы Алтын Орданың 800 жылдығына арналған «Нежданный гость – Джучи» және «Бату-хан» романдарынан тұратын дилогияның, сондай-ақ «Қызыл қар» кітабының авторы. Бұл жинаққа 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын арқау еткен «Аллажар», 1932 жылғы ашаршылықты суреттеген «Өліара» повестері енген.
Жазушылар одағы марқұмның осы еңбектерін әдеби сыншылар мен тарихшыларға ұсыну туралы аманатын орындайтынын мәлімдеді.
Айта кетерлігі, Нұрлан Сегізбаевтың Жазушылар одағына мүшелігі оның соңғы хаты оқылғаннан кейін бір-ақ күнде бекітілген.
Ал шәкірттеріне жолдаған жеке хаттарының бірінде ол жүрек ауыртар сөз қалдырған:
«Жастық шақта қосылу керек еді. Қазір денсаулық керек. Біздің өмір қайғылы, достым…»
Бұл жолдар таланттың кеш мойындалғанын, ал еңбектің үнсіз атқарылғанын айқын аңғартады.