"Біз атом станцияларын салу арқылы техникалық интеллигенцияның жаңа буынын қалыптастырамыз".
Қазақстан президенті "Turkistan" газетіне берген сұхбатында стратегиялық жоспарлардағы ядролық энергетиканың орны туралы айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Мемлекет басшысы сенімді энергия көзі болмаса, Қазақстан экономиканың жаңа технологиялық үлгісіне көше алмайтынын ескертті.
Суперкомпьютерлерге, дата-орталықтар мен автоматтандырылған өндіріс кешендеріне өте көп энергия қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев қуат көздерін салу үшін білікті мамандар керектігін де айтты. Ол осы орайда капитал қоры шамамен 4,5 триллион доллар болатын әлемдегі ең ірі компания – NVIDIA-ның басшысы жақында "көк жағалылар", яғни техникалық мамандық иелері мультимиллионерлер қатарына қосылады деп болжам жасағанын еске салды.
"Бірнеше атом станциясын салу – біріншіден, тарихи олқылықтың орнын толтыру деген сөз. Себебі, уран өндірісі бойынша әлемде көш бастап тұрған елдің бірде-бір атом электр станциясын салмауы мүлдем ақылға қонбайды. ", - деді президент.
Тоқаевтың пікірінше, екіншіден, бұл қадам Қазақстанның абырой-беделін нығайта түседі.
"Біз атом станцияларын салу арқылы техникалық интеллигенцияның жаңа буынын қалыптастырамыз. Тиісінше, мемлекеттік саясаттың түпкі мәнін өзгертеміз. Осыны қаперден шығармаған жөн", - деді президент.