Астанада Алматы әкімінің бұрынғы орынбасары Ержан Бабақұмаровтың өліміне қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Елордалық прокуратура бүгін, 2026 жылғы 12 қаңтарда полиция департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі ("Кісі өлтіру") бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізгенін хабарлады.
"Күдікті адамға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа жолданды", - деп хабарлады Астананың қадағалау органы дүйсенбіде.
Өз кезегінде елордалық сот іс Астананың мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотына келіп түскенін нақтылады.
"Істі осы соттың төрағасы Айжан Әділқызы Құлбаева қарайды (2024 жылдың мамыр айында экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты үкім шығарған)", - деп толықтырды Астана сотынан.
2025 жылдың қазан айының соңында әлеуметтік желіде Алматы қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Ержан Бабақұмаров Астанада соққыға жығылғаны, көп ұзамай қайтыс болғаны туралы ақпарат пайда болды. Бұл мәліметті елордалық полиция департаменті растады. Кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
"Бұрыннан таныс адамдар арасында арты төбелеске ұласқан жанжал туындағаны алдын-ала анықталды. Алған жарақаттары салдарынан 56 жастағы ер адам көз жұмды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изольяторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде", - деп хабарлады сол кезде Астана қалалық ПД.