$ 509.84  595.75  6.47

«Әр қадамын аңдып, қоқан-лоқы жасаған»: Шымкентте қаза тапқан бойжеткеннің құрбылары әділдік талап етті

"Нұрайдың өмірі тозаққа айналды".

Коллаж: SN.kz
Коллаж: SN.kz

Шымкентте танысының қолынан қаза тапқан 21 жастағы қыздың ағасы желіде жағдайға қатысты үн қатты. Сондай-ақ қыздың таныстары мен құрбылары мән-жайды баяндады, деп хабардлайды Sn.kz ақпарат порталы.

 

Жалпы істің мән-жайын Айым есімді Threads қолданушысы баяндады. Оның сөзінше, марқұм қыз күдікті Аймахан Шерханмен былтыр жаз айында тойда танысқан. Осыдан кейін күдікті бойжеткеннің соңынан қалмай қойған көрінеді. 

“Күдікті  Аймахан Шерхан Нұрайды “Мені темір торға қамай алмайсың” деген сөзбен қорқытқан. Марқұм Нұрай күзгі семестр басталғалы бұрынғыдай күліп-жайнап жүрмейтін болды. Оған Аймахан Шерхан себеп. Олар жаз мезгілінде тойда танысып, бастапқыда артынан қалмай көңіл білдіріп жүрген. Алайда уақыт өте келе Нұрайға психологиялық қысым көрсетіп, қоқан-лоқы жасай бастаған. Ақырында, қыздың да, ата-анасының да айқын қарсылығына қарамастан, Нұрайды Алматы қаласынан Шымкентке күштеп алып қашқан”, – делінген жазбада. 

Десе де марқұм Нұрайдың туыстары қызды ол үйден алып кеткен. 

“Қызды күдіктінің үйінен туыстары алып кеткенімен, осы оқиғадан кейін Нұрайдың өмірі тозаққа айналды. Аймахан Шерхан ұзақ уақыт бойы сталкингпен айналысты. Нұрай оның нөмірін бұғаттаған кезде, құрбыларына жазған. Құрбыларына қайта-қайта мазалап хабарласып, әлеуметтік желідегі парақшалар арқылы Нұрайдың әр қадамын аңдыған. Нұрай бұл әрекеттерді скриншоттап, дәлел ретінде жинаған. Алайда полицияға арыз жазған кезде, оның арызы тиісті түрде қарастырылмаған”, – дейді желі қолданушысы. 

Марқұм қыз полицияға арыз жазған кезде, күдікті оған “мені темір торға қамай алмайсың” деп айтқан екен. 

“Қылмыскердің өзі ашық түрде: “Мені темір торға қамай алмайсың” деп айтқан. Ол Нұрайдың сабақ кестесін анықтап, оқу орнына келіп, қорқытып-үркітіп жүрген. Айтқан сөздері мен жазбалары оның психикалық тұрғыдан қауіпті тұлға екенін айқын көрсеткен. Қатты қорыққан қызды сабаққа ағасы алып барып, күтіп алуға мәжбүр болған. Өкінішке қарай, барлық ескерту белгілеріне, дәлелдерге, арыздарға қарамастан, бұл іс құзырлы органдар тарапынан уақытында тоқтатылмады. Нәтижесінде бұл оқиға қасіретті аяқталып, Нұрай Аймахан Шерханның қолынан қаза тапты”, – дейді Айым есімді қыз. 

Сондай-ақ ол құзырлы орган өкілдерінен істі әділ тергеп, дұрыс шешім шығаруды сұрады. 

“Біз қылмыскерге Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі бойынша: Алып қашу (мәжбүрлі некеге итермелеу); Сталкинг; Қоқан-лоқы көрсету; Адам өлтіру баптары толық көлемде қолданылып, ең жоғары жаза тағайындауды талап етеміз. Сонымен қатар, Нұрайдың арызын қабылдамаған, тиісті шара қолданбаған полиция қызметкерлерінің әрекетіне құқықтық баға беріліп, олар да жауапкершілікке тартылсын. Бұл бір адамның емес, бүкіл қоғамның қайғысы. Бұл еленбеген арыздың, қорғалмаған қыздың, жұмысын атқармаған жүйенің салдары. Нұрайдың қаны әділдік сұрап тұр”, – деп жазды ол. 

Сондай-ақ марқұм Нұрайдың құрбысы да жағдайға үн қатты. 

“Қайтыс болған қыз менің бала кезден бергі құрбым, Серікбай Нұрай. Ол 2004 жылы туған, небәрі 21 жаста еді. Өмірі енді ғана басталған, арманы, жоспарлары бар, болашағы алда тұрған жас қыз кісі қолынан қаза тапты. Мәліметке сәйкесғ оның денесіне 8 жерден пышақ сұғылған. Мұны қалайша “оқыс жағдай” немесе “жай жанжал” деп атауға болады? Бұл айуандық, қатыгездік. Кей адамдардың Нұрайды кінәлап, “өзі себеп болды”, “өзі сондай болған” деп айтуы ауыр тиді. Ақиқатын толық білмей жатып, өмірден өткен адамның артынан осындай ауыр сөз айту үлкен күнә”, – дейді қыз. 

Марқұмның құрбысы Нұрайдың мектепті үздік оқығанын, тәрбиелі, ұяң қыз болғанын айтты. 

“Нұрайды бала кезінен білемін. Мектепті үздік бітірді. Ешқашан жаман әдеттерге, зиянды ортаға әуес болған емес. Өте жуас, ұяң, тәрбиелі қыз еді. Қолынан келсе, біреуге көмектескісі келіп тұратын, жүрегі таза, ниеті түзу қыз болатын. Нұрай күдіктіге “жоқ” деп, қарым-қатынастан бас тартқан. Өз шекарасын қорғаған. Бірақ дәл сол “жоқ” деген жауабы үшін ол қысымға, қудалауға, соңында зорлыққа ұшыраған болуы мүмкін. Нұрай мұндай тағдырға лайық емес еді. Оның атына, абыройына, рухына тіл тигізбеңіздер. Өлген адам өзін қорғай алмайды. Бірақ біз оны танығандар, оның шындығын айтуға міндеттіміз”, – деп жазды марқұмның құрбысы. 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 6
Ұнамайды 2
Күлкілі 0
Ашулы 1

Серіктес жаңалықтары