16.01.2026, 10:10

Жалпы белгіленген салық тәртібіне көшу: қазақстандық кәсіпкерлер неден қауіптенеді?

Фото: Pixabay

Енді жеке кәсіпкерлер мен шағын кәсіпорындардың едәуір бөлігі жалпыға бірдей белгіленген тәртіптегі салық режиміне өтуге мәжбүр. 

2026 жылдың 1 қаңтарынан Қазақстанда салық салу жүйесінде үлкен өзгерістер күшіне енді. Жаңа Салық кодексіне сәйкес, бұған дейін шағын бизнеске арналған арнайы жеңілдетілген режимдер (патент, жеңілдетілген декларация негізіндегі режим, бөлшек салық, т.б.) қайта қаралып, олардың көбінің қолданылуы тоқтатылды, деп жазады Sn.kz ақпарат порталының тілшісі.

Енді жеке кәсіпкерлер мен шағын кәсіпорындардың едәуір бөлігі жалпыға бірдей белгіленген тәртіптегі салық режиміне өтуге мәжбүр. Ескерте кетсек, 2025 жылы арнайы режим қолданған кәсіпкерлер 2026 жылғы 1 наурызға дейін салық органына өтініш беріп, жеңілдетілген салық режимінің бірін таңдау керек, әйтпесе олар автоматты түрде жалпы тәртіпке ауысты деп есептелетіні бекітілген. Көптеген бизнес өкілдері бұл талап туралы кеш біліп, жаңа тәртіпке алдын ала дайындалуға уақыт аз болғанын айтуда. Қалай болғанда да, қазіргі өзгерістер қазақстандық бизнес қауымдастығында үлкен алаңдаушылық туғызды: кәсіпкерлер жаңа режимнің қыр-сырына дайын емес екенін, оның талаптары бизнес жүргізуді қиындатып, шығынды өсіретінін айтып отыр.

Қазақстанда бұрыннан шағын және орта бизнес үшін салық төлеуді оңайлататын арнайы режимдер қолданылып келгені мәлім. Мысалы, жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы салық режимі бойынша кәсіпкерлер айналымының белгілі бір пайызы мөлшерінде ғана салық төлеп, бухгалтерлік есеп-қисапты жеңіл жүргізетін. Ал жалпы белгіленген тәртіп (ОУР) аясында кәсіпкер толыққанды бухгалтерия жүргізіп, қосымша құн салығын (ҚҚС) төлеуші ретінде тіркеледі және барлық кіріс пен шығысты растайтын құжат ұстауы талап етіледі. Яғни салықтық жүктеме мен әкімшілік ауыртпалық айтарлықтай өседі. Үкімет 2026 жылдан бастап барша кәсіпкерлерді осындай бірыңғай тәртіпке кезең-кезеңімен көшіруді қолға алды.

Мемлекет не үшін мұндай қадамға барды? Ресми түсіндіруге сүйенсек, арнайы жеңілдетілген режимдер кейбір ірі кәсіпорындар тарапынан салықтан жалтару схемаларына құрал болып келген. Қаржы вице-министрі Азамат Амриннің мәліметінше, шағын бизнес субъектілері 2023 жылы шамамен 15 триллион теңге кіріс декларацияланған, соның 11 триллионы ірі компаниялардың шығыны ретінде шегерілген. Яғни ірі бизнес өз шығынын қағаз жүзінде көбейту үшін аффилиирленген жеке кәсіпкерлерді пайдаланған. Мысалы, кейбір ұйымдар өз техникалары мен мүліктерін алдымен жұмысшыларына (оларды жеке кәсіпкер ретінде рәсімдеп) жалға береді, артынша сол жеке кәсіпкерден әлгі мүлікті қайтып жалдап, төленген қаржыны шығынға жатқызып келген. Осындай жолдармен бюджет жыл сайын 800 миллиард теңге шамасында кірістен айырылып отырғаны есептелді. Салық органдары бұл «қос есеп» схемаларын тыю үшін жаңа кодексте қатаң норма енгізді: 2026 жылдан бастап жалпы тәртіптегі ҚҚС төлеуші компанияларға жеңілдетілген режимдегі кәсіпкерлерден сатып алған тауарлар мен қызметтердің құнын салықтық шегерімге қосуға тыйым салынды. Осылайша, ірі бизнес пен шағын кәсіпкерліктің арасындағы бұрыннан қалыптасқан «тиімді» әріптестік тізбегіне балта шабылды деуге болады.

Кәсіпкерлердің қаупі неде? Жаңа ережелер күшіне енген бойда бизнес өкілдері бірқатар қауіпті ашып айтып, дабыл қақты. Біріншіден, жоғарыдағы шектеу кесірінен шағын кәсіпкерлер ірі тапсырыс берушілерінен айырылып қалуы мүмкін. Өйткені енді үлкен компаниялар жеңілдетілген салық режиміндегі контрагенттермен жұмыс істесе, өз шығынын шегере алмайды, нәтижесінде ондай әріптестік олар үшін тиімсізге айналады. Демек, бұрын ірі фирмаларға қызмет көрсетіп келген ұсақ кәсіпкерлер (мысалы, жеке тасымалдаушылар, жөндеу қызметін ұсынушылар, жабдықтаушылар) келісім-шарттарынан айырылуы ықтимал. Бұл – табыстың кемуіне және бизнестің жабылу қатері артуына себеп болуы мүмкін.

Екіншіден, барлық шағын кәсіп иелерін жаппай жалпы тәртіпке көшуге мәжбүрлеу олардың шығындарын еселеп арттырады. Жеңілдетілген режимнен ОУР-ға өткен кәсіпкерге ең алдымен кәсіби бухгалтер жалдауға тура келеді, өйткені толық қаржылық есеп жүргізу кез келгенге оңай шаруа емес. Ал Қазақстанда білікті бухгалтерлер аз. Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкіл (бизнес-омбудсмен) Қанат Нұровтың айтуынша, қазіргі уақытта елдегі кәсіпорындардың 70 пайыздан астамы арнайы (жеңілдетілген және бөлшек) салық режимдерін қолданады. Егер олардың бәрі жаппай ОУР-ға өтіп, ҚҚС төлеушіге айналса, барлығына дерлік қосымша кәсіби бухгалтерлік қызмет керек болады, ал қазір Қазақстанда бухгалтерлер саны сұраныстан бірнеше есе аз. «Бұл – салық есебінде техникалық коллапс болып, көптеген кәсіпорындар есеп-қисабын тапсыра алмай, нәтижесінде айыппұлдар арқалап, жабылып тынуы мүмкін» деп ескертеді омбудсмен. Яғни жаңа талаптарды толық орындау техникалық тұрғыда қиын, сол себепті көп кәсіпкер жазалауға ұшыраймыз ба деп қорқады.

Үшіншіден, жаңа салық тәртібі жалпы экономикалық ахуалға да салқынын тигізуі ықтимал. Мәселен, ҚҚС мөлшерлемесінің 2026 жылы 16%-ға дейін өсуі және шегерімдерге тыйым салынуы – мұның бәрі өндіріс шығындарының артуына, соның салдарынан тауарлар мен қызметтер бағасының қымбаттауына әкеледі. Сарапшылар бұл өзгерістер инфляцияға қосымша қысым жасап, нарықта бағалардың шоктық өсу тізбегін туындатуы ғажап емес деп отыр. Тұтынушылар үшін де қолайсыздық байқалмақ, өйткені кәсіпкерлер өсімпұл мен салық ауыртпалығын бағаға қосуға мәжбүр болады. Сонымен бірге, бизнес өкілдері жаңа норманы «қосарланған салық салу» деп атап жүр – бір мәміле үшін сатушы салық төлесе де, сатып алушы тарап сол шығынды шегере алмағандықтан табысынан қайта салық төлейді деген уәж айтуда.

Қазіргі өзгерістерге байланысты кәсіпкерлер ұйымдасқан түрде өз ұстанымдарын жариялап, реформаны жұмсартуды сұрауда. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы («Атамекен») мен бизнес-омбудсмен бірлесіп, Үкіметке салық заңнамасындағы жаңа нормаларды қайта қарауды ұсынды. Атап айтқанда, жеңілдетілген режимдерді толық жоюдың орнына, салықтық әкімшілендіруді күшейту арқылы ғана тиісті нәтижеге жетуді көздеу (байланысты тұлғалардың өзара операцияларынан алынатын шегерімдерге лимит қою, тәуекелді мәмілелерді анықтау үшін цифрлық бақылауды енгізу) және ең бастысы – жаңа тәртіпті енгізуді кемінде 18 айға шегеру қажеттігі айтылды. Бұл мәселеге мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударып, 2025 жылғы 5 желтоқсанда Үкіметке жаңа Салық кодексінің кейбір нормаларын іске асыру бойынша кәсіпкерлердің ұсыныстарын мұқият саралап, «ақылға қонымды баланс» табуды тапсырды. Ал Қаржы министрлігі өкілдері әзірге жаңа тәртіптің күшін жою немесе тоқтата тұру жоспарда жоқ екенін, алдымен алдағы жарты жылда оның нәтижелерін бақылап көретіндерін, содан соң қажет болса түзетулер енгізілетінін мәлімдеді.

Жалпыға бірдей тәртіптегі салық режиміне жаппай көшу шағын бизнес үшін үлкен сынақ болып тұр. Көптеген кәсіпкер мұны «еркінде жүзуден» «толқынға қарсы жүзуге» ауысу деп қабылдап, кейбірі кәсібін жабу не «көлеңкеге кету» туралы ойлана бастады. Дегенмен Үкімет жаңа реформаға бейімделу кезеңінде бизнеске барынша қолдау көрсетуге уәде беріп отыр: мәселен, 2026 жылы негізсіз тексерулер жүргізбеу, салықтық қателіктер үшін алғашында ескерту беру сияқты жеңілдіктер қарастырылмақ. Ең бастысы – билік пен бизнес мүдделері тоғысқан ортақ шешім табылып, реформаның кері әсерін барынша азайту. Әзірге қазақстандық кәсіпкерлер салық саясатына енгізілген осы өзгерістердің өз ісіне қалай ықпал ететінін алаңдап, үнемі қадағалап отыр.