Бүгін жұмыс сапарымен Орал қаласына келген ҚР Қорғаныс министрі Серік Ахметов жергілікті қорғаныс өнеркәсібі кешені кәсіпорындарында болды, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Министрліктің баспасөз қызметі мәлімдегендей, С.Ахметов арнайы мақсаттағы өнім шығаратын кәсіпорындардың қызметімен танысты. Министрге «Батыс Қазақстан машина жасау зауыты», «Уральскагрореммаш», «Зенит» Орал зауыты» АҚ-нда жаңа өндірістік желілерді игеру бағдарламалары, олардың келешектегі даму жоспарлары туралы баяндалды.
Қорғаныс министрі мемлекеттік әскери-техникалық саясаттың өзекті мәселелеріне ерекше тоқталып, қорғаныс өнеркәсібі секторының нысандарын әрі қарай нығайту жөнінде бірқатар міндеттер қойды.
— Еліміздің қорғаныс өнеркәсібі кешенін үдемелі дамыту бағдарламасын іске асыру үшін қажетті жағдайлардың барлығы жасалды, — деп С.Ахметов алдағы жобаларды іске қосу, заманауи желілерді енгізу, жаңа технологиялық деңгейге шығу қажеттігін атап өтті.