22.01.2026, 17:00

Жамбыл облысында күреске келген 22 бала жаппай уланып қалды

Фото: Егемен Қазақстан

Деректерге сай, олар шығу тегі әзірге анықталмаған гастроэнтеритпен улануы мүмкін. 

Қызылорда облысынан күрес бойынша оқу-жаттығу үшін Жамбыл облысына келген 22 жасөспірім астан уланып ауруханаға түсті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Деректерге сай, олар шығу тегі әзірге анықталмаған гастроэнтеритпен улануы мүмкін. 

Балалар Жамбыл облысындағы демалыс аймағынан ауруханаға жеткізілген. Алдын ала мәлімет бойынша, олар күрес бойынша оқу-жаттығу жиындарына жаттықтырушыларымен бірге келген. Демалыс аймағында 12 мен 17 жас аралығындағы шамамен 100 бала орналастырылған.

Әкімдіктің мәліметінше, тағамдардан және науқастардан зертханалық сынамалар алынған. Қазір олардың нәтижелері күтілуде.

Гастроэнтерит – асқазан мен ішектің шырышты қабығының қабынуы. Оған вирустар немесе бактериялар себеп болуы мүмкін. Негізгі белгілері – құсу мен іш өту.

— 2026 жылғы 21 қаңтар күні сағат 22:40 шамасында Меркі аудандық көпбейінді орталық ауруханасына «Тұран» демалыс орнынан Қызылорда облысынан ауданға күрес түрінен оқу-жаттығу жиынына келген 12–17 жас аралығындағы 22 кәмелетке толмаған жасөспірім жеткізілді. Алдын ала диагноз — этиологиясы анықталмаған гастроэнтерит, — делінген Жамбыл облысы әкімдігінің ресми мәлімдемесінде.