Күдікті ер адам ұсталып, қамауға алынған.
Талдықорған қаласының тұрғыны әйелі мен үш жасар қызын аяусыз соққыға жыққан. Әйел мен бала ауыр жарақаттармен ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Әлеуметтік желіде ер адамның әйелі мен қызын сабап тастаған видеосы тарады.
“Талдықорғанда әкесі кішкентай баласы мен әйелін аяусыз соққыға жыққан. Анасы мен баласы облыстық балалар ауруханасына жеткізілді”, – делінген видеоның астында.
Видеодан денесі көгеріп, сырылған, жылап жатқан бала мен әйелді көруге болады. Әйелдің айтуынша, өзін де, баласын да сол кезде мас күйде болған күйеуі ұрған. Сондай-ақ ол күйеуінің өзгеретініне сенгендіктен айырылысып кетпегенін айтты.
Қалалық полиция желіде тараған ақпаратты растады. Күдікті ер адам ұсталып, қамауға алынған. Оның үстінен қылмыстық кодексінің 106-бабы (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
“Денесінде зорлық-зомбылық белгілері бар үш жасар баланың медициналық мекемеге жеткізілгені туралы хабар 102 арнасына сағат 21:00-де түсті. Полиция қызметкерлері күдіктінің, яғни баланың әкесінің тұрғылықты жеріне дереу жетті. Мас күйдегі ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды”, — деп мәлімдеді Жетісу облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Чарапиев.