04.02.2026, 13:40

1995 жылғы Конституцияны 12 адам жазып шықса, жаңа редакцияны 130 азамат әзірледі – депутат

Фото: Мәжіліс

Осы тұста депутат қоғамда көтерілген кейбір түйткілді мәселелерге тоқталды.

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай жаңа Ата заңның жобасына қатысты қоғамда көтерілген кейбір түйткілді мәселелерге тоқталды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Депутат жаңа Конституция жобасына қатысты қоғамда қызу пікірталас жүріп жатқанын жеткізді. 

«Кейбір баптарға қатысты сын да айтылып жатыр. Бұл – қалыпты әрі қажет процесс. Өйткені Конституция – әрқайсымыздың тағдырымызға, болашағымызға тікелей әсер ететін негізгі құжат. Алайда біздің айтқандарымыз көбіне екі-үш тармақтың төңірегінен аспай жатқандай әсер қалдырады. Ал шын мәнінде, жаңа Конституция 320 тармақтан, 95 баптан тұратын ауқымды құжат. 1995 жылы жазылған қолданыстағы Конституцияны Ю.Басин, В.Ким, А.Котов, Мұхамеджанов бастаған небәрі 12 адам ғана жазып шыққан. Оның үшеуі – шетелдік сарапшылар еді. Ал бұл жолы Конституция жобасын 130-дан астам өз азаматтарымыз әзірледі», – деді Мақсат Толықбай.

Оның сөзінше, жаңа Ата заңның қазақ тіліндегі нұсқасы толықтай қайта жазылды. Осы тұста депутат қоғамда көтерілген кейбір түйткілді мәселелерге тоқталды.

«Соңғы кезде «жекелеген аумақтарға конституциялық мәртебе беріледі» деген тақырып ақпараттық манипуляцияға айналып кетті. Қайталап айтамын, жаңа Ата заңның кіріспесінде де, 2-бабында да Қазақстанның аумағы мен шекарасының тұтастығы өзгермейтіні тайға таңба басқандай жазылған. Яғни, елдің аумақтық тұтастығы ешқашан мәселе ретінде талқыланбайды деген сөз. Сондай-ақ, бәз біреулер айтқандай,  «Президентке  қосымша  артық өкілет берілетіндей» жаңа норма қосылған жоқ. Президент жеті жылға бір-ақ рет сайланады, жақын туыстары саяси және басқару лауазымдарын атқара алмайды. Бұрынғы норма өзгеріссіз қалды», – деп түсіндірді Мәжіліс депутаты.

Мақсат Толықбайдың сөзінше, 1995 жылғы Конституцияда «цифрлық қауіпсіздік» деген бірде-бір тіркес жоқ. 

«Жаңа редакцияда азаматтардың цифрлық кеңістіктегі жеке өмірін қорғау туралы бап алғаш рет Ата заңда көрініс тапты. «Неке» ұғымы да нақты айқындалды – ол ер мен әйелдің арасындағы одақ деп белгіленді. Бір жынысты некені мемлекет мойындамайды. Коммерциялық емес ұйымдардың қаржысы ашық болуы тиіс. Шетелдік қаржы көзінен алынған қаражат туралы ақпаратты жария ету міндеттеледі», – деді ол.