Президенттің айтуынша, ұлттық мүдде тұрғысынан қарасақ, Ибраһим келісімдеріне қосылу елімізге инвестиция мен озық технологияларды тартуға, басқа да қомақты экономикалық игіліктерге кенелуге берік негіз қалайды.
Пәкістанның The News International газетіне сұхбатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне не үшін қосылғанын айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
— Қазақстан бейбітшілік, тұрақтылық және халықаралық диалог қағидаттарын әрқашан берік ұстанады. Бұл ұстанымнан алдағы уақытта да айнымаймыз. Президент Дональд Трамптың идеясымен жүзеге асқан Ибраһим келісімдері, шын мәнінде, болашаққа бағдарланған бастама. Осы келісімге қосылу арқылы біз дипломатияның күшіне сенетінімізді тағы да растадық. Өйткені бұл кез келген қарама-қайшылықты реттеп, өңірде және жаһанда ұзақ мерзімді тұрақтылық орнатуға болатын парасатты құрал. Қазақстанның Израильмен қарым-қатынасы жақсы. Сонымен қатар біз Палестина халқын да қолдаймыз. Екі мемлекеттің бейбіт қатар өмір сүруіне негізделген шешімді дәйекті түрде құптаймыз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, ұлттық мүдде тұрғысынан қарасақ, Ибраһим келісімдеріне қосылу елімізге инвестиция мен озық технологияларды тартуға, басқа да қомақты экономикалық игіліктерге кенелуге берік негіз қалайды.
— Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылуы араб пен еврей халықтарын қазіргіден де жақындастырып, анағұрлым кең мұсылман-яһуди диалогына ұласуға септігін тигізеді деп үміттенемін, — деді Мемлекет басшысы.