Елордада қоғамдық көлікпен жүру тарифының қымбаттауының себебі белгілі болды, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Астана әкімдігінің ресми сайты мәлімдегендей, Елордада қоғамдық көлік жолақысының қымбаттауы бүгінде өзекті тақырыпқа айналып отыр. Астана қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Рашид Аманжоловтың хабарлауынша, Астанада қоғамдық көлікпен жүру ақысы 2008 жылдан бері 60 теңге мөлшерінде өзгеріссіз қалып келеді. Бұл саланың дамуы үшін жеткіліксіз. Тарифтың қымбаттауы дизельдік отынның 75 теңгеден 115 теңгеге (53,3%) көтерілуімен байланысты. Сонымен қатар, тасымалдаушылардың қосалқы бөлшектер мен жиынтықтаушы бұйымдарға жұмсалатын шығындары 80% артқан, ал елорда тұрғынының орташа еңбекақысы 89,6 мың теңгеден 158,9 мың теңгеге (77,3%) дейін ұлғайды.
«Үстіміздегі жылы сәуір айында қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының атына тасымалдаушылардан жолаушылар көлігімен жүру тарифін қайта қарау туралы өтініш келіп түсті. Елордада қызмет көрсететін 8 компания қазіргі бағаларды ескере келе, бір жолаушыны тасымалдаудың өзіндік құнын ұсынды», делінген хабарламада.
«№5 Автопус паркі» ЖШС есептеуінше бір адамды тасымалдауға жұмсалатын шығын 92,4 теңгені, «№1 АП» АҚ 95,4 теңгені; «№3 АП» АҚ 106,1 теңгені»; «№2 АП» АҚ 106,8 теңгені құрады. «№4 АП» ЖШС есептеуінше, 107,5 теңге; «Темір Тұлпар» ЖШС 110,6 теңге; «Жорға» ЖШС 111,3 теңге және «№ 8 АП» 118,1 теңге шыққан.
Ведомствода арнайы жұмыс тобы құрылды. Ұсынылған есептеулерді қараған соң мынадай тарифтер ұсынылды: ересектер үшін 90 теңге, балалар үшін 40 теңге. Бұл ретте Астана қаласы мәслихатының 2010 жылғы 13 желтоқсандағы №410/54-IV шешімімен анықталған азаматтар үшін жеңілдетілген жол жүру шарттары өзгеріссіз қалады.