$ 490.58  584.77  6.34

«Ақша бар, қолжетімді несие жоқ»: Тоқаев банк саясатына шүйлікті

Ресми дерекке сүйенсек, қаржы секторындағы барлық активтің 84 пайызы банктердің қолында. 

Фото: коллаж Ulysmedia.kz
Фото: коллаж Ulysmedia.kz

Қазақстанда банк секторы көптен бері «ең табысты сала» саналады. Активі көп, табысы жоғары, тұрақтылығы мықты. Бірақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы сыны осы сыртқы жылтырдың астында шешілмей тұрған күрделі мәселе барын тағы көрсетті. Мемлекет басшысы банктердің табыс табу қарқыны мен экономиканы қаржыландыру деңгейі арасында үлкен алшақтық қалыптасқанын ашық айтты.

Ресми дерекке сүйенсек, қаржы секторындағы барлық активтің 84 пайызы банктердің қолында. Бұл – орасан ресурс. Алайда сол қаржының нақты экономикаға, әсіресе бизнеске жетуі мардымсыз. Бизнеске берілген несиенің үлесі небәрі 38 пайыз шамасында. Яғни ақша қаржы жүйесінде айналып жүр, бірақ өндіріс пен кәсіпкерлікке толық жетпей отыр.

Президентті алаңдатқан негізгі түйін – осы. Банктер 2025 жылдың өзінде шамамен 3 триллион теңге табыс тапқан. Бұл – рекордтық көрсеткішке жақын сома. Бірақ дәл осы кезеңде кәсіпкерлердің несиеге қол жеткізуі жеңілдеді деу қиын. Керісінше, пайыздық мөлшерлеме жоғары, талап қатаң, тәуекелді жобаларға қаржы беру баяу.

Тоқаев банктердің «табиғи рөліне» ерекше тоқталды. Нарықтық экономикада банк – тек пайда табатын институт емес, ол экономиканың қан тамыры. Өндіріс ашылса, жұмыс орны көбейсе, жаңа жоба іске қосылса – оның артында банк қаржысы тұруы тиіс. Президенттің айтуынша, осы негізгі миссия екінші қатарға ысырылып барады.

Сынның тағы бір салмағы – өткен жылдардағы қаржы секторындағы келеңсіз тәжірибеге байланысты айтылды. Мемлекеттен қомақты қолдау алған жекелеген ірі банктердің кейін күйреп, символикалық бағаға сатылғаны қоғам жадында. Президент мұны алаяқтық схемалармен байланыстырды. Бұл – қаржы жүйесіне деген сенімге соққы болған кезең еді.

Бүгінде банктер өз уәжін де алға тартады. Олар қаржы ресурстарының қымбаттығын, инфляцияның жоғары екенін, тәуекел деңгейінің өскенін айтады. Шынында да, бұл факторлар бар. Бірақ Мемлекет басшысы мәселені тек сылтаумен шектеуге болмайтынын меңзеді. Оның пікірінше, қолжетімді несиенің кілті – инфляцияны тұрақтандыру мен нарықтық мөлшерлемені төмендету. Бұл жерде Үкімет пен Ұлттық банктің үйлесімді жұмысы шешуші рөл атқарады.

Президенттің Халықаралық валюта қоры жөніндегі ескертуі де жай айтылған сөз емес. Сыртқы ұсынымдарды қайталау жеткіліксіз, бастысы – ұлттық экономиканың нақты жағдайына сай шешім қабылдау. Яғни дайын формуланы көшіру емес, өз бетінше ойлап, жүйелі саясат қалыптастыру қажет.

Сарапшылар бұл сынның саяси мәлімдемеден гөрі экономикалық сигналға көбірек ұқсайтынын айтады. Өйткені дәл қазір Қазақстан жаңа инвестициялық циклге аяқ басқалы отыр. Инфрақұрылым, өндіріс, энергетика, цифрландыру – бәріне ұзақ әрі арзан қаржы керек. Ал мұндай ресурстың негізгі көзі – банк жүйесі.

Егер банктер тұтынушылық несиелеуге ғана басымдық берсе, экономика «жылдам ақша – қысқа пайда» моделінен шыға алмайды. Ал өндірістік несие көбеймей, әртараптандыру туралы айту қиын. Президент көтерген мәселенің түпкі мәні де осында.

Қорыта айтқанда, Тоқаевтың банктерге қарата айтқан сыны – айыптау емес, бағыттау. Қаржы секторына «пайда мен жауапкершілік тепе-тең болуы керек» деген нақты белгі берілді. Ендігі нәтиже реттеуші саясатқа да, банктердің ішкі стратегиясына да байланысты болмақ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0