Тіпті жаһандық салыстыру жасағанда, ең арзан ет Африка құрлығында тіркелсе, Қазақстандағы баға одан да төмен көрсеткішке жақын екені айтылды.
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин Қазақстандағы ет бағасына қатысты қоғамда қызу талқыланып жүрген пікірлерге жауап берді. Оның айтуынша, ел ішіндегі баға туралы айтылған сынның бәрі бірдей шынайы жағдайды көрсете бермейді. Спикердің мәліметінше, бүгінгі күні Қазақстанда ет бағасы әлемдік нарықпен салыстырғанда айтарлықтай төмен деңгейде қалып отыр. Тіпті жаһандық салыстыру жасағанда, ең арзан ет Африка құрлығында тіркелсе, Қазақстандағы баға одан да төмен көрсеткішке жақын екені айтылды. Ол азық-түлік қауіпсіздігі мемлекет үшін стратегиялық бағыт екенін ерекше атап өтті. Сондықтан аграрлық-азық-түлік секторын қолдау, оның ішінде ет өндірісін дамыту – басты басымдықтардың бірі болып қала бермек. Сонымен қатар, мұндай төмен баға жағдайында салаға енгізілген технологиялардың өзін-өзі ақтауы қиын екенін де жасырмады. Сол себепті мемлекет тарапынан субсидиялар мен қаржылық қолдау тетіктері қарастырылған. Холдинг басшысы қазіргі таңда агроөнеркәсіп кешеніне бөлінетін барлық субсидиялар қайта зерделеніп жатқанын жеткізді. Бұдан бөлек, екінші деңгейлі банктер арқылы аграрлық-азық-түлік бағытындағы инвестициялық жобаларға 7 миллиард теңгеге дейін қаржы қарастырылып отырғанын мәлімдеді. Осылайша, ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстанда ет бағасы қымбат емес, керісінше әлемдік нарықпен салыстырғанда қолжетімді деңгейде сақталады екен.