25.02.2026, 10:30

Банктер халықтың 26 триллион теңге ақшасын несиеге айналдырып отыр ма?

Фото: Pixabay

Биылғы мәлімет бойынша, банк жүйесіндегі депозиттердің жалпы көлемі 16,3 пайызға өсіп, 48 триллион теңгеге жетті.

Қаржы тақырыбы қозғалған сайын қоғамда ең әуелі тұтынушылық несиенің көбеюі сөз болады. «Халық қарызға батты» деген пікір жиі айтылады. Алайда соңғы деректерге үңілсек, ел ішінде басқа бір үрдіс қатар жүріп жатқанын көреміз. Қазақстандықтар ақшасын бұрынғыдан көбірек жинап, депозитке сала бастаған.

Биылғы мәлімет бойынша, банк жүйесіндегі депозиттердің жалпы көлемі 16,3 пайызға өсіп, 48 триллион теңгеге жетті. Соның 26,2 триллион теңгесі - жеке тұлғалардың, яғни қарапайым азаматтардың жинағы. Бұл - аз қаржы емес. Оның үстіне, салым көлемі тұтынушылық несиелер сомасынан асып түсті. Демек, халық тек қарыз алып отырған жоқ, сонымен қатар қаражатын жинауға да ден қойған.

Алайда құр сандарға қарап, елдің әл-ауқаты күрт жақсарды деп айтуға болмайды. Былтыр инфляциялық қысым күшейді. Баға шарықтаған тұста Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жоғары деңгейде ұстап келді. Биыл да бұл саясат жалғасып отыр. Қосылған құн салығының 12 пайыздан 16 пайызға өсуі де нарықтағы бағаға әсер етті. Кәсіпкерлер шығынын жабу үшін өнім құнын көтерді. Қымбатшылық күшейген кезде халық шығынды азайтып, ақшасын сақтауға тырысады. Депозиттердің өсуі - осы үрдістің айқын белгісі.

Экономикада салым көлемінің артуы екі қырынан бағаланады. Біріншіден, бұл - қаржы жүйесінің тұрақтылығы. Банктердің қор базасы кеңейеді, сыртқы қарызға тәуелділік азаяды. Дағдарыс кезінде ішкі ресурс маңызды рөл атқарады. Осы тұрғыдан алғанда, халықтың жинағы банк секторына сенім бар екенін көрсетеді.

Бірақ негізгі мәселе басқа жерде. Жиналған қаражат қайда бағытталып жатыр? Егер депозиттер өндіріс орындарын ашуға, инфрақұрылымды жаңғыртуға, шағын және орта бизнесті қолдауға жұмсалса, экономиканың сапалы өсіміне жол ашылар еді. Ал қаржы негізінен тұтынушылық несиеге немесе қысқа мерзімді қаржылық құралдарға кетсе, оның әсері шектеулі болады. Ақша айналымда жүргенімен, ұзақ мерзімді даму тетігіне айналмайды. Экономист Сапарбай Жобаевтың айтуынша, бүгінгі жағдайда банктер үшін нақты секторға инвестиция салу тәуекелі жоғары.

«Базалық мөлшерлеме жоғары кезде банктерге Ұлттық банктің ноталарына қаржы орналастыру немесе тұтынушылық несие беру әлдеқайда тиімді. Өндірістік жобалар ұзақ мерзімді, тәуекелі мол. Сондықтан қаржы көбіне сауда мен тұтыну саласына кетіп жатыр», - дейді сарапшы.

Расында, тұтынушылық несиелердің 21 пайызға өсуі – осының дәлелі. Яғни, бір салымшының депозитке салған ақшасы екінші азаматқа жоғары пайызбен несие ретінде беріледі. Банк табыс табады, бірақ экономикада жаңа зауыт не жаңа жұмыс орны ашылып жатқан жоқ.

Мұндай жағдайда депозиттердің көбеюін «қауіпсіз стагнация» деп атауға болады. Экономика құлдырап жатқан жоқ, бірақ қарқынды өсіп те отырған жоқ. Ақша жиналып жатыр, алайда инвестициялық белсенділік әлсіз. Ұлттық банктің инфляцияны тежеу үшін жоғары мөлшерлеме ұстауы нарықты баяулатқаны анық. Бұл саясат қысқа мерзімде бағаны тежеуі мүмкін, бірақ ұзақ мерзімде өндірістің қарқынын әлсірету қаупі бар.

Банк жүйесі үшін бүгінгі басты сын - депозиттерді тиімді басқару. Қаржы нақты секторға бағытталмайынша, жинақтың экономикаға әсері шектеулі болмақ. Халық ақшасын сеніп тапсырып отыр. Енді сол сенім елдің өндірістік қуатын арттыруға қызмет етуі тиіс.

Тегтер: несие банк