Әкімдік жауабы көпшілікті таңғалдырды.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Жезқазған көшелерін су басқан бейнежазба тараған еді. Күн күрт жылынған соң, еріген қар суы жолдарды көлге айналдырды. Көліктер үлкен шалшықты кешіп, жаяу жүргіншілер жолдан өте алмай әлек болды.
Қала тұрғындары орынды сұрақ қойды: «Бізде нөсер кәрізі бар ма, жоқ па?»
Әкімдік жауабы көпшілікті таңғалдырды. Белгілі болғандай, Жезқазғанда орталықтандырылған нөсер кәріз жүйесі іс жүзінде жоқ. Қалада бар болғаны 8 бөлек учаске ғана орнатылған, оның өзінде солардың жартысы ғана жұмыс істейді.
Мұндай инфрақұрылыммен ХХІ ғасырда қалай өмір сүріп отырмыз? Қарапайым жауын-шашын мен қар ерісе болды, көшелер суға толады. Ал жауапты мекемелердің айтуынша, жүйені орнатумен қалалық жол басқармасы айналысқан, ал тазалауды жол қызметкерлері жүргізеді. Тіпті еріген қар суын сорғызу үшін жеке ассенизаторлық көліктер тартылатыны айтылды.
Сонда қала бюджетінен бөлінген қаражат қайда кетті? Неліктен өндірісті аймақ саналатын Жезқазғанда қарапайым нөсер кәріз жүйесі толық шешілмеген? Әкімдік бұл мәселені неге алдын ала жоспарламаған? Жыл сайын қайталанатын жағдайға дайын болмау - басқару жүйесіндегі салғырттықтың белгісі емес пе?
Қала халқы нақты шешім күтеді. Себебі бұл жай ғана шалшық емес - бұл қауіпсіздік мәселесі, бұл санитарлық жағдай, бұл тұрғындардың күнделікті өмір сапасы.
Видео: etozhez