02.03.2026, 20:30

Президент Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуына арналған жиынға құттықтау хат жолдады

Фото: Ақорда

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуына арналған салтанатты жиын қатысушыларына құттықтауын жолдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Sn.kz ақпарат порталы.

Қадірлі қауым!

Сіздерді қазақ халқының заңғар тұлғасы, әдебиетіміздің алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуымен құттықтаймын!

Жамбыл Жабаев – ұлт руханиятында ерекше орны бар тарихи қайраткер, төл мәдениетіміздің аса көрнекті өкілі. Әйгілі жыршы шоқтығы биік шығармалары арқылы отаншылдық пен ынтымақ, ерлік пен елдік, адалдық пен әділдік секілді мызғымас құндылықтарды кеңінен дәріптеді.

Халқымыздың біртуар перзенті айтыс өнерінің өрісін кеңейтуге, эпикалық дәстүрді жаңғыртуға, қазақ-қырғыз әдеби байланысын нығайтуға өлшеусіз үлес қосты.

Өз дәуірінің тыныс-тіршілігін асқан шеберлікпен суреттеп, жұрттың ыстық ықыласына бөленді. «ХХ ғасырдың Гомері» атанған ұлы ақынның туындылары көптеген шет тіліне аударылып, барша адамзатқа ортақ қазынаға айналды.

Қос ғасырдың куәсі болған жыр алыбының мол мұрасы әлі талай ұрпаққа рухани азық болары сөзсіз. Биыл мерейтойға орай Жамбыл Жабаевтың тарихи бейнесін айшықтай түсетін құнды пікірлер мен тағылымды ой-тұжырымдар айтылады деп сенемін.

Осы өте маңызды іс-шараларыңыз сәтті өтсін, баршаңыздың ниеттеріңіз қабыл болсын! Сіздерге мықты денсаулық, бақ-береке тілеймін!