Компания жағдайдың өрбуін тұрақты бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.
Air Astana компаниялар тобы Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты рейстерді уақытша тоқтатып, қазақстандықтарды елге қайтару үшін арнайы ұшуларды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Әуе тасымалдаушысының мәліметінше, Сауд Арабиясы мен Мысырдың авиациялық билігінен тиісті рұқсат алынған жағдайда 3 наурызда Батыс Қазақстаннан Мединаға 2 және Джеддаға 2 репатриациялық рейс орындалады.
«Air Astana компаниялар тобы Сауд Арабиясы мен Мысырдың авиациялық билігінен рұқсат алған жағдайда 3 наурызда Батыс Қазақстаннан Мединаға 2 репатриациялық рейсті және Джеддаға 2 репатриациялық рейсті орындауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, Компаниялар тобы Таяу Шығыс елдеріне тұрақты рейстерді орындауды 6 наурызды қоса алғанға дейін тоқтатады, ал билеттер 13 наурызға дейін (қоса алғанға) сатылмайды», — делінген Air Astana хабарламасында.
Компания жағдайдың өрбуін тұрақты бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді. Жолаушыларға рейстер кестесіндегі өзгерістер туралы қосымша ақпарат жедел түрде хабарланатыны атап өтілді.
Осылайша, әуе компаниясы өңірдегі тұрақсыздыққа байланысты сақтық шараларын күшейтіп, ең алдымен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық беріп отыр.