$ 491.68  568.23  6.2

15 наурызда «Референдум – 2026» онлайн марафоны өтеді

Марафон сағат 09:00-де басталып, түнгі 00:15-ке дейін жалғасады. 

Фото: Видеодан алынған кадр
Фото: Видеодан алынған кадр

2026 жылдың 15 наурызында ауқымды медиажоба – «Референдум – 2026» онлайн марафоны өтеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

15 сағатқа созылатын тікелей эфир ел өміріндегі маңызды саяси оқиғаның барысын жан-жақты қамтып, референдум күнінің негізгі сәттерін, қоғам пікірі мен сарапшылар көзқарасын көрерменге жедел әрі заманауи форматта ұсынады.

Наурызнама онкүндігі аясында өтетін марафон – тек ақпараттық шара емес, қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылайтын, жаңа идеялар мен технологиялық бастамаларды таныстыратын бірегей алаң. Іс-шараға саяси қайраткерлер, қоғамға танымал азаматтар, өз саласында табысқа жеткен мамандар, өнер мен мәдениет өкілдері және стартаперлер қатысып, ел дамуының маңызды бағыттары жөнінде пікір алмасады.

Жоба барысында көрермендер заманауи технологиялық шешімдер арқылы ұсынылатын ерекше көріністерді де тамашалай алады. Отандық өнертапқыштар жасаған роботтар бағдарлама жүргізуге қатысып, голограмма-шоу арқылы еліміздің соңғы жылдардағы жетістіктер шежіресі ұсынылады.

"Марафон аясында 5 алаң жұмыс істейді. Сахнада қоғам қайраткерлері, өнертапқыштар, қайырымды ісімен танылған азаматтар өз ой-пікірлерін ортаға салып, концерттік бағдарлама ұсынылады. Сарапшылар мен қоғам өкілдерінің қатысуымен өзекті тақырыптарға арналған пікірталастар өтіп, инновациялық жобалар мен отандық стартаптар таныстырылады. Сонымен қатар марафон барысында қонақтармен блиц-сұхбаттар жүргізіліп, ел аймақтары мен шетелден тікелей қосылымдар ұйымдастырылады", – делінген хабарламада.

Онлайн марафон республикалық және аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарының ресми сайттары мен әлеуметтік желі парақшаларында тікелей көрсетіледі. 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0