Бұған дейін облыстық полиция департаменті ер адамның бірнеше алаяқтық дерегі бойынша күдікке ілінгенін хабарлаған болатын.
Атырау облысының тұрғыны, әлеуметтік желілерде «Атыраулық хакер» деген атпен танымал азамат Түркияда ұсталды. Операцияны Интерпол қызметкерлері Самсун қаласында жүргізген, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бұған дейін облыстық полиция департаменті ер адамның бірнеше алаяқтық дерегі бойынша күдікке ілінгенін хабарлаған болатын. Оған қатысты Қылмыстық кодекстің тиісті бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қаңтар айында Атырау қаласының мамандандырылған тергеу соты күдіктіге сырттай қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған. Кейін ол халықаралық іздеуге жарияланған.
«Ақпан айында ол Түркияның Самсун қаласында ұсталды. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы күдіктіні экстрадициялау (елге қайтару) туралы сұрау салуды дайындау үшін тиісті өтініш жолдады», — деп хабарлайды басылым облыстық прокуратураға сілтеме жасап.