$ 482.49  556.75  5.79

Банктер пайызды көкке ұшырды: қымбат несие Қазақстанды қыспаққа алды

"Қаржы тапшылығы – кәсіпкерлердің басты мәселесі".

Фото: Егемен Қазақстан
Фото: Егемен Қазақстан

Қазақстанда банк жүйесі экономиканың тірегі болуы тиіс. Алайда соңғы жылдары қалыптасқан жағдай бұл саланың негізгі міндетінен алшақтап кеткенін аңғартады,  деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Қаржы институттары халық пен кәсіпкерлікті қолдаудың орнына, жоғары пайыз бен қатаң талаптар арқылы өз пайдасын арттыруға көбірек ден қойған.

Бүгінде елде несие алу – дамудың құралы емес, тәуекелдің көзіне айналды. Екінші деңгейлі банктер ұсынатын пайыздық мөлшерлеме 20–25 пайыздан асып, кез келген бастаманы тиімсіз етеді. Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетовтің айтуынша, мұндай жағдайда кәсіпкерлік туралы айту қиын.

 «Қаржы тапшылығы – кәсіпкерлердің басты мәселесі. Несие алу үшін жылына 20–25 пайыздан астам үстеме төлеу қажет. Бұл көптеген бизнестің тиімділігін жояды. Қазіргі нарықтағы бағдарламалардың көбі қымбат әрі қолайсыз. Тек мемлекеттік бағдарламалар ғана белгілі бір деңгейде тиімді», – деді депутат. Алайда мәселе тек кәсіпкерлермен шектелмейді.

Қаржы жүйесінің ауыр салмағы қарапайым халыққа түсіп отыр. Мәжіліс депутаты Мұрат Әбеновтің мәліметінше, бүгінгі таңда Қазақстанда шамамен 1,5 миллион азаматтың банктік шоты бұғатталған. «Банктерге түрлі жеңілдіктер жасалды, қарыздары кешірілді. Ал соның салдарынан қарапайым адамдар зардап шекті. Адамдар азық-түлік ала алмай отыр, жұмысқа тұра алмай отыр. Бұл – әлеуметтік мәселе», – деді Әбенов.

Депутаттың айтуынша, мәселенің түп-төркіні – банктердің агрессивті несиелеу саясаты мен заңдағы олқылықтарды пайдалануы. 2019 жылы қабылданған нормаларға сәйкес, нотариустар сотқа жүгінбей-ақ қарыз өндіру туралы шешім шығара алады. Бұл өз кезегінде азаматтың қорғану құқығын шектейді.

«Нотариус адамды шақырмай-ақ шешім шығарады. Содан кейін жеке сот орындаушылары шоттарды бұғаттайды. Мұндай тәжірибе әлемнің ешбір елінде жоқ. Адам өз кінәсін дәлелдеуге мүмкіндік алмай қалады», – деді депутат.

Сарапшылардың пікірінше, бұл жүйеде тәуекелдің барлық салмағы қарыз алушыға жүктелген. Банк жоғары пайыз арқылы өз қауіпін алдын ала жабады. Ал қарыз қайтарылмаған жағдайда азамат толық жауапкершілікті көтереді. Нәтижесінде қаржы институттары кез келген жағдайда ұтатын модель қалыптасқан.

Бұл ахуал қоғамда әлеуметтік теңгерімсіздікке алып келіп отыр. Қарызға батқан азаматтар күнделікті қажеттіліктерін өтеуге қауқарсыз. Шоттардың толық бұғатталуы адамдарды табыс табу мүмкіндігінен айырады. Бұл өз кезегінде еңбек нарығына да кері әсерін тигізуде.Мұрат Әбенов бұл мәселені заңнамалық деңгейде қайта қарау қажеттігін атап өтті. Оның пікірінше, азаматтардың негізгі құқықтарын қорғау бірінші кезекте тұруы тиіс.

«Адам еңбек етсе, оның жалақысы толық бұғатталмауы керек. Біз жалақының белгілі бір бөлігін қолма-қол алуға мүмкіндік беруді ұсынып отырмыз. Бұл – конституциялық құқықтарды қорғау мәселесі», – деді ол.

Жалпы, қазіргі банк жүйесіне қатысты басты сын – оның қоғам алдындағы жауапкершілігінің әлсіздігі. Қаржы институттары жоғары табысқа қол жеткізіп отырғанымен, бұл табыстың әлеуметтік қайтарымы байқалмайды. Керісінше, қымбат несие, өсімпұлдар мен комиссиялар халықтың қаржылық жағдайын күрделендіре түсуде.

Сарапшылардың пайымынша, бұл мәселе тек қаржы секторына ғана қатысты емес. Бұл – бүкіл экономикалық саясаттың тиімділігіне байланысты түйткіл. Егер пайыздық мөлшерлеме төмендемесе және азаматтардың құқықтары қорғалмаса, несие экономиканы дамыту емес, оны тежейтін факторға айнала береді.

Сонымен қатар, сарапшылар мәселенің тек ішкі факторлармен шектелмейтінін айтады. Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетовтің пікірінше, жоғары пайыздық мөлшерлемелерге сыртқы экономикалық жағдай да тікелей әсер етіп отыр.

«Қазіргі таңда геосаяси тұрақсыздық бар. АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс, Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс әлі жалғасып жатыр. Мұның бәрі валюта бағамына әсер етеді. Ал курс тұрақталмай, банктердің ставкасы да төмендемейді», – дейді депутат.

 

Алайда бұл факторлар банктердің қазіргі саясатын толық ақтай алмайды. Себебі әлемдік тұрақсыздық жағдайында да көптеген елдерде қаржы институттары бизнесті және халықты қолдауға бағытталған жеңілдетілген құралдарды ұсынады. Ал Қазақстанда, керісінше, тәуекелдің барлық салмағы қарыз алушыға жүктелген.

Бүгінде банктер үшін ең тиімді модель – жоғары пайызбен несие беру және оны қатаң өндіріп алу болып отыр. Бұл жүйеде қаржы ұйымдары ұтылмайды, ал халық пен кәсіпкерлер шығынға батады. Нарықтық экономика қағидалары сақталғанымен, әлеуметтік жауапкершілік мәселесі екінші кезекте қалып отыр.

Сарапшылардың айтуынша, егер бұл үрдіс өзгермесе, қымбат несие тек экономиканы баяулатып қана қоймай, қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті де тереңдете түседі. Себебі қаржыға қолы жеткендер ғана дамып, қалған бөлігі қарыз бен шектеудің құрсауында қала береді.

Осы тұрғыда банк жүйесін реттеу, пайыздық мөлшерлемелерді қайта қарау және азаматтардың құқықтарын күшейту – уақыт күттірмейтін мәселе. Әйтпесе, несие экономиканы алға сүйрейтін құрал емес, оны тежейтін фактор ретінде қала бермек.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0