22.03.2026, 10:30

Бүгін - әнші, жазушы Жәнібек Кәрменовтың туған күні (ВИДЕО)

Он жасқа толар-толмас шағында туған ел, өскен жерге арнайы сапармен келген М.Әуезовтің алдында ән салып, ұлы қаламгердің батасын алған.

77 жыл бұрын (1949-1992) әнші, жазушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының иегері Жәнібек КӘРМЕНОВ дүниеге келді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында туған. Он жасқа толар-толмас шағында туған ел, өскен жерге арнайы сапармен келген М.Әуезовтің алдында ән салып, ұлы қаламгердің батасын алған. Алматыдағы өнер студиясын, Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.

1979 жылдан бастап Ж.Елебеков атындағы эстрада студиясында ұстаздық қызмет атқарып, дарынды әншілердің, орындаушылардың бірнеше буынын тәрбиелеп шығарды. Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияда халық әндері кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. Оның «Ақылбайдың әні», «Махаббат әні», «Ғашықтың тілі» атты прозалық кітаптары, өнер адамдары туралы 200-ден астам мақаласы жарық көрді. 1990 жылы «Өнер» баспасынан екі томдық «Халық әндері мен халық композиторларының әндері» атты жинағы шықты. 1980 жылдардың басында «Асыл мұра» сериясы (А.Сейдімбековпен бірлесіп) бойынша телехабар жүргізіп, Ақан сері, Біржан сал, Абай, Мәди, Естай, Әсет, Кенен, Мұхит, Сәкен әндерін жаңаша қырынан, тың толғаммен қалың көрерменге насихаттады. Әншінің «Толғау», «Шыңғыстауға арнау», «Бабалар», «Ағалар-ай», «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» әндері бар.

Жәнібек Кәрменов қазақтың халық әндерін орындаушылар мектебінің белді өкілі еді. Ол «Асыл мұра» телебағдарламасында қазақтың халық музыкасы жайлы терең сыр шертіп, Ақан, Біржан, Мұхит әндерін асқан шеберлікпен орындады. Оның орындауында Ақтамберді, Бұқар жырау, Шәкәрім шығармалары алғаш шырқалды.

Әнші сазгер ретінде де белгілі еді. Оның «Толғау», «Шыңғыстауға арнау», «Бабалар», «Ағалар-ай», Абайдың өлеңіне жазған «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма» сынды әндері ұлттық өнерге қосылған өлмес мұраға айналды. Жәнібек Кәрменов КСРО Жазушылар одағының мүшесі атанып, қарымды қаламгер де болды.

Ол «Ақылбайдың әні», «Махаббат әні», «Ғашықтың тілі» атты көркем бейнеге бай прозалық кітап, орындаушылық шеберліктің қыр-сыры жайында 200-ден астам мақала жазды.

Бірегей дарын иесі халық композиторларының өмірі мен олардың шығармашылық мұрасын насихаттауда, ән мәтіндерін қалпына келтіруде зор еңбек сіңіріп, тарихта аты алтын әріппен жазылған тұлғаға айналды.