$ 475.31  555.54  6.05

Несиеге жаңа талап: халыққа ма, әлде банк жүйесінің ыңғайына ма?

2026 жылғы 1 шілдеден бастап елімізде несие беру талаптары қатаңдатылмақ.

Фото: newsroom.mnu.kz
Фото: newsroom.mnu.kz

Ресми түсіндірме бойынша, бұл қадам халықтың қарыз жүктемесін азайтуға, қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Алайда мәселенің тереңіне үңілсек, бұл өзгерістердің салмағы ең алдымен қарапайым азаматтың иығына түсетіні байқалады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Ресми табыс – жалғыз өлшем бе?

Жаңа тәртіп бойынша банктер енді тек ресми табысты ғана есепке алады. Қағаз жүзінде расталмаған кірістер назардан тыс қалады. Осылайша, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған, базарда еңбек етіп жүрген, қызмет көрсету саласында нәпақа тауып жүрген мыңдаған азамат қаржы жүйесінің шетінде қалады.

Бірақ қоғамның шынайы келбеті қағаздағы статистикаға әрдайым сай келе бермейді. Демек, жаңа талаптар “тәртіпті күшейтумен” қатар, халықтың елеулі бөлігін несие нарығынан ығыстыруы да мүмкін.

Несиенің өсуіне кім жауап береді?

Соңғы жылдары елдегі тұтынушылық несие көлемі еселеп артты. Банктердің агрессивті маркетингі, онлайн несие рәсімдеудің жеңілдетілуі, табысты нақты тексермеу тәжірибесі – осының бәрі қарыз нарығының шамадан тыс қызуына алып келді.

Енді сол жағдай түзетілуі тиіс болғанда, негізгі жүк тағы да тұтынушыға артылып отыр. Ал қаржы ұйымдарының тәуекелді несие саясаты қаншалықты қайта қаралды? Бұл сұрақ ашық күйінде қалып отыр.

Ипотека – қолжетімді ме, әлде қол жетпес арман ба?

Жаңа талаптар аясында ипотека алу да қиындай түсетіні анық. Ай сайынғы төлем деңгейі жалақының жартысынан аспауы тиіс деген шектеу көптеген отбасылар үшін баспана алу мүмкіндігін тарылтады.

Нарықтағы пайыздық мөлшерлеме жоғары күйінде қалып отыр. Соның салдарынан баспана құны мен халық табысының арасындағы алшақтық одан әрі ұлғая түспек.

Банктердің жауапкершілігі қайда?

Қаржы нарығындағы басты түйін – банктердің тәуекелді несие саясаты. Жылдар бойы табысы расталмаған азаматтарға да несие беріліп келді. Қарыз жүктемесі артқан кезде жауапкершілік тұтынушыға жүктелді, енді жаңа шектеулер арқылы мәселе қайтадан азаматтардың есебінен шешілмек.

Банктердің әлеуметтік жауапкершілігі туралы көп айтылады, алайда іс жүзінде бұл ұғым көбіне қағаз жүзінде ғана қалып отыр.

Қаржы жүйесін реттеу – қажетті қадам. Бірақ ол тек шектеу арқылы емес, әділдік пен теңгерім арқылы жүзеге асуы тиіс. Егер несие алу тек жоғары табысы бар азаматтарға ғана қолжетімді болып қалса, онда бұл реформаның әлеуметтік салдары терең болмақ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 2
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0