09.04.2026, 15:20

«Оқушыларға балтамен жүгірген»: Құлсары мектебіндегі оқиғадан кейін 6 адам жұмыстан қуылды

Фото: видеодан скриншот

Тағы 24 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Биылғы ақпан айында Құлсары қаласындағы мектептердің бірінде болған оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырған еді,  деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Сол кезде бір оқушы қолына балта алып, өзге қатарластарына қарай жүгірген.

Аталған жағдайдан кейін арнайы комиссия мектептегі қауіпсіздік талаптарын тексеріп, бірқатар жауапты тұлғалардың қызметтік міндеттерін тиісінше атқармағанын анықтады. Нәтижесінде алты қызметкер жұмыстан босатылып, тағы 24 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Ерлан Биғамбаев бұл жағдайға мектеп әкімшілігі мен жекеменшік күзет қызметтерінің салғырттығы себеп болғанын атап өтті. Оның айтуынша, білім беру мекемелері мемлекеттік сатып алу кезінде қауіпсіздік мәселесіне жеткілікті деңгейде көңіл бөлмейді. Егер күзет қызметі өз міндетін дұрыс орындамаса, тиісті шара қолдану үшін сотқа жүгіну қажет.

Еске сала кетейік, 5 ақпан күні «102» нөміріне мектеп оқушылары арасында туындаған жанжалдың соңы шабуылға ұласқаны туралы хабарлама түскен.

Оқиға салдарынан екі оқушы жеңіл жарақат алған.

Көп ұзамай полиция 10-сынып оқушысын ұстап, аталған факті бойынша бұзақылық бабымен қылмыстық іс қозғады. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, кейін ішкі істер органдарының профилактикалық есебіне алынған.