10.04.2026, 16:00

Атыраудағы қанды оқиға: Күдікті Сәрсемалиевке де психиатриялық сараптама тағайындалды

Фото: видеодан скриншот

Қазіргі уақытта күдікті Атырауда қамауда отыр.

Атырау облысы Жангелдин ауылында бүтін бір отбасының өліміне күдікті деп танылған Сұлтан Сарсемалиевтің әйелі Ақбаян Мұқанғалиева  стационарлық кешенді сот-психологиялық-психиатриялық сараптама жүргізу үшін Алматы қаласындағы сот сараптамалары институтына жіберілді,  деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Атырау облыстық прокуратурасының мәліметінше, күдікті Сұлтан Сарсемалиевке де қатысты кешенді сот-психологиялық және психиатриялық сараптама тағайындалған. Алайда оның қорытындысы әзірге шықпады.

– Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу сатысында Ақбаян Мұқанғалиеваның әрекеттеріне құқықтық баға берілмеген және оған қатысты бұлтартпау шарасы таңдалмаған. Күдіктілердің іс-әрекетіне түпкілікті құқықтық баға барлық мән-жай анықталып, тағайындалған сараптамалардың қорытындысы алынғаннан кейін беріледі, - деп мәлімдеді прокуратураның баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта ата-енесі мен әйелінің бауырларын өлтірді деген күдікке ілінген Сұлтан Сарсемалиевке қатысты қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша іс қозғалды.

Олар: 

• 99-баптың 2-бөлігінің 1 және 13-тармақтары – «Екі немесе одан да көп адамды бірнеше рет өлтіру»;

• 188-баптың 2-бөлігі – «Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған ұрлық»;

• 190-бап – «Алаяқтық».

Қазіргі уақытта күдікті Атырауда қамауда отыр.