18.04.2026, 20:30

«Тыныс алу аппараты жоқ»: Қарағанды ауруханасында бүлдіршін көз жұмып, дау тудырды

Фото: видеодан скриншот

Бүлдіршін облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына ішек инфекциясымен түскен.

Қарағанды қаласында бір жас үш айлық Кәусар Серік есімді сәбидің көз жұмуы қоғамда үлкен резонанс туғызды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Қайғылы жағдай еліміздегі медициналық құрал-жабдықтардың жеткіліксіздігі мәселесін қайтадан күн тәртібіне шығарды. Бүлдіршін облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына ішек инфекциясымен түскен. Біраз уақыттан кейін оның жағдайы күрт нашарлап, жансақтау бөліміне ауыстырылып, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Дәрігерлер үш жарым апта бойы сәби өмірі үшін күрескенімен, өкінішке қарай, оны аман алып қалу мүмкін болмаған.

Марқұмның анасының айтуынша, қиын сәтте ол дәрігерлерден қосымша арнайы аппарат алдыруды сұраған. Оның сөзінше, бұл құрылғы науқастың қанын оттегімен қамтамасыз етіп, өмірін сақтап қалуға көмектеседі. Алайда қажетті құрылғыны Астана қаласынан жеткізуге рұқсат берілмеген, ал аурухананың өзінде мұндай жабдық болмаған.

Бұл жағдай қоғамда қызу талқыланып, өңірлердегі медициналық мекемелердің заманауи құралдармен қамтамасыз етілуі мәселесін қайта көтерді. Журналист Айнұр Балакешова осы оқиғаға қатысты пікір білдіріп, денсаулық сақтау саласындағы басшылықты сынға алды. Сонымен қатар, Ақмарал Әлназарова да қоғам тарапынан сынға ұшырады.

“Әйел адамның сәнді әрі әдемі болғаны жақсы. Егер денсаулық сақтау министрі Valentino туфлиін кисе – бұл оның жеке құқығы. Бірақ Қарағанды облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының жансақтау бөлімінде көптеген өмірді сақтап қалуы мүмкін жасанды тыныс алу аппараты жоқ кезде, мұндай жағдай сынға лайық”, – деді ол.