24.04.2026, 09:20

Бүгін қазақ әдебиетінің классигі Қабдеш Жұмаділовтің туған күні (ВИДЕО)

Қытай Халық Республикасы Шыңжаң өлкесінің Тарбағатай аймағы Шәуешек ауданында туған.

90 жыл бұрын (1936-2021) Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының, Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының және Платиналы Тарлан сыйлығының иегері, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың және М.Әуезов атындағы әдеби сыйлықтың иегері Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ дүниеге келген, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Қытай Халық Республикасы Шыңжаң өлкесінің Тарбағатай аймағы Шәуешек ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) филология факультетін тәмамдаған.

1965-1967 жылдары – «Қазақ әдебиеті» газетінде әдеби қызметкер, 1967-1976 жылдары – «Жазушы» баспасында редактор, 1976-1981 жылдары – Қазақстанның Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде жауапты қызметкер болған. 1980 жылдан бірыңғай шығармашылық жұмыста. Қ.Жұмаділовтің алғашқы өлеңдері 1954 жылдан бастап жергілікті баспасөз бетінде жарық көрген. «Жамал» атты тырнақалды әңгімесі 1956 жылы Үрімжіде шығатын «Шұғыла» журналында жарияланды. 10 роман, 13 повесть, 50-ден аса әңгіме, көптеген мақала жазған, «Жас дәурен» өлеңдер жинағының, «Қаздар қайтып барады» әңгімелер жинағының, «Көкейкесті», «Атамекен», «Тағдыр» романдарының, «Дарабоз», «Соңғы көш» дилогияларының авторы. 1998 жылы соңғы жылдардағы көлемді шығармасы – «Таңғажайып дүние» ғұмырнамалық романы жарық көрді. 2008 жылы жазушының «Мәңгілік майдан» кітабы, ал 2010 жылы «Тозақ оты» повестер мен әңгімелері жарыққа шықты.

Жазушының публицистикалық мақалалары «Қалың елім, қазағым» жинағында жарияланды. Қ.Жұмаділов шығармалары көптеген шетел тілдерінде, соның ішінде орыс, украин, беларусь, өзбек, ұйғыр, қырғыз тілдерінде басылып шыққан. «Парасат» орденімен, ел мәдениеті дамуына қосқан сүбелі үлесі үшін «Күлтегін» медалімен, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.