Алматы қаласында «Мөлдір бұлақ» бастамасы аясында ерекше форматтағы экологиялық акция өтті. Жаңа адамдар қозғалысының 1000-нан астам белсендісі Үлкен Алматы өзенінің жағалауын тазалап, 20 тоннадан астам қоқыс жинады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Іс-шара DJ-сет сүйемелдеуімен ұйымдастырылып, қатысушыларды ортақ ырғаққа біріктірді. Бұл формат экологиялық акцияны жаңа деңгейге шығарып, оны заманауи экологиялық мәдениеттің бір бөлігіне айналдырды.
Аталған бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында жүзеге асырылды. Сонымен қатар «Мөлдір бұлақ» бастамасы су көздерін, жағалау аймақтарын және қоғамдық кеңістіктерді тазартуға бағытталған жүйелі жұмыстардың жалғасы болып отыр.
Акция барысында қатысушылар бір реттік пластиктен бас тарту идеясын қолдап, көп рет қолданылатын арнайы бөтелкелерді таныстырды. Бұл экологиялық жауапкершілікті арттырып, тұрақты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, табиғатқа деген көзқарас – әр адамның ішкі мәдениетінің көрінісі. Қоршаған ортаға жанашырлық нақты әрекеттен басталады: тазалық сақтау, немқұрайлы қарамау және жеке жауапкершілікті сезіну.
«Мөлдір бұлақ» бастамасы аясында бұлақ көздерін ашу, өзен-көл жағалауларын тазарту, аула мен саябақтарды абаттандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады. Белсенділердің пікірінше, мұндай шаралар қоғамда жауапты әрі саналы көзқарас қалыптастырып, әр азаматты елдің дамуына үлес қосуға ынталандырады.