$ 463.41  546.27  6.18

«Біз ешкіммен бәсекеге түспейміз»: Ренат Бектұров «Әділет» партиясы туралы айтты

Партия жарғысы 18 бөлімнен тұрады, ал бағдарламасында бес негізгі құндылық белгіленген.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Астанада елімізде құрылып жатқан «Әділет» жаңа саяси партиясының құрылтай съезі өтті. Шара соңында Астана халықаралық қаржы орталығының басқарушысы, «Әділет» саяси партиясы басқарушылар тобының мүшесі Ренат Бектұров бұқаралық ақпарат құралдарының сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Оның сөзінше, жаңа саяси ұйымның басты мақсаты — әділетті Қазақстан құру. Партия жарғысы 18 бөлімнен тұрады, ал бағдарламасында бес негізгі құндылық белгіленген.

«Біріншісі — әділеттілік, екіншісі — отансүйгіштік, үшіншісі — еңбекқорлық, төртіншісі — жауапкершілік, бесіншісі — прогресс. Бұл құндылықтар тек қағаз жүзінде қалмай, қоғамда және экономика саласында нақты көрініс табуы тиіс. Сондықтан біздің басты 10 басымдығымыз айқындалған. Соның бірі — заң мен тәртіп», — деді ол.

Сонымен қатар, «Әділет» партиясы әзірге ҚР Әділет министрлігінің ресми тіркеуінен өтпегені айтылды. Қазіргі уақытта қажетті құжаттарды жинау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Құрылтай съезінен кейін біз партияны ресми тіркеу үшін құжаттар тапсырамыз. Заң бойынша партия құру үшін кемінде бес мың мүше болуы қажет. Біздің қолдаушыларымыз бұл талаптан екі есе көп — он мыңнан асады. Дегенмен тіркеуден өту-өтпеуін кепілдікпен айту мүмкін емес. Біз барлық құжаттарды заң талаптарына сәйкес тапсырамыз», — деді Ренат Бектұров.

Журналистердің «бәсекелестеріңіз кім?» деген сауалына да партия өкілі қысқа жауап қатты.

«Біз ешкіммен бәсекеге түспейміз. Басқа саяси партияларды талқылаудан аулақпыз. Біздің өз бағытымыз, өз ұстанымымыз бар. Біздің құндылықтарымыз бен мақсаттарымызға 10 мыңнан астам адам қолдау білдіріп отыр», — деді «Әділет» саяси партиясы басқарушылар тобының мүшесі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0