Эмине Ердоғанды күзет қызметкерлері бірге ертіп жүрген.
Астанада Түркия президентінің жұбайы Эмине Ердоғанның сауда орталығына барғаны көпшіліктің назарын аударды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Эмине ханым елордадағы танымал сауда орталықтарының біріне барып, бутиктерді аралаған. Ол азық-түлік сатылатын бөлімдерге де түсіп, бал, кептірілген жемістер мен жергілікті өнімдерді қараған. Сонымен қатар әйелдер киімі мен аксессуарлар сатылатын дүкендерге де бас сұққан.
Куәгерлердің айтуынша, Эмине Ердоғанды күзет қызметкерлері бірге ертіп жүрген. Сауда орталығының сыртында бірнеше көліктен құралған кортеж күтіп тұрғаны байқалған.
Еске салайық, 13 мамыр күні Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген болатын. Астана әуежайында оны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды. Ресми қарсы алу рәсімі ерекше форматта өтіп, әскери оркестр мен балалардың қос тілдегі сәлемдесуі ұйымдастырылды.