Өскенде қарындастарына қорған болатын нағыз ер азамат болайын деп тұр!
Әлеуметтік желіде мектепке бара жатқан қыздардың сөмкесін көтеріп, оларға қамқорлық танытқан кішкентай бүлдіршіннің видеосы көпшіліктің жүрегін елжіретті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Кадрларда кішкентай баланың қарындастарын жетектеп, ауыр сөмкелерін көтеріп бара жатқанын көруге болады. Желідегілер бүлдіршіннің әрекетін нағыз азаматтыққа балап, жылы пікірлерін жаудырды.
«Жігіт деген осы! Аман болыңдар!», «Өскенде қарындастарына қорған болатын нағыз ер азамат болайын деп тұр», «Ағасы бардың жағасы бар деген осы», «Осындай тәрбиелі балалар көбейе берсін» деп жазды желі қолданушылары.
Кейбір оқырмандар бұл видео өздерінің балалық шағын еске түсіргенін айтты.
«Сабақтан қайтар кезде қараңғы болатын. Сонда ортаншы ағам қорықпасын деп мені арқалап алып қайтатын», «Ағалардың қамқорлығы бөлек қой», «Осындай қарапайым дүниенің өзі жүрекке жылу сыйлайды» деген пікірлер де көп болды.
Желі қолданушылары бүлдіршіннің тәрбиесіне риза болып, ата-анасына алғыс айтқан.